Ресей ресми түрде Жириновскийдің сөзін жоққа шығаруы керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей ресми түрде Жириновскийдің сөзін жоққа шығаруы керек

26.02.2014
Ресей ресми түрде Жириновскийдің сөзін жоққа шығаруы керек
 
ҚР Парламенті Мәжілісінің бірқатар депутаттары Сыртқы істер министрлігіне Ресей Мемлекеттік Думасының вице-спикері Владимир Жириновский мен оппозиционер Эдуард Лимоновты Қазақстанға кіруге тыйым салынған тұлғалар қатарына қосуды ұсынды.
 
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Николай Логутов Владимир Жириновскийдің мәлімдемелері Ресейдің ресми өкілдері тарапынан ресми түрде жоққа шығарылуы керек, деді.
 
«Біз Жириновскийдің арандатқыш пиғылдағы сөздерін Ресей Федерациясының ресми өкілдері жария түрде жоққа шығаруы тиіс деп санаймыз. Сонымен қатар, біз Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне Жириновский мен Э.Лимоновты Қазақстанның аумағына кіруге тыйым салынған тұлғалар тізіміне қосуды кеңес етеміз», - деді депутат Логутов.
 
Оның айтуынша, Жириновскийдің жұрт алдындағы мәлімдемесі Қазақстан мен Ресейдің әріптестігіне, екі елдің тарихи бауырластығына селкеу түсіреді.
 
«Біздің мемлекетіміздің аса маңызды жетістіктерінің бірі көпұлтты және көп конфессиялы халықтардың ынтымақ, бірлігі екенін естен шығармауымыз керек. Ал Жириновский мен Лимоновтардың мәлімдемелерін қаскөйлер теріс пиғылда пайдаланулары да мүмкін», - деп санайды Н.Логутов.
 
Аталған депутаттық сауалға Мәжілістегі үш парламенттік фракцияның басшылары мен Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттары қол қойып, қолдаған.

Хабарламаларға жазылу