Дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың 103 жылдығына орай 20-ақпан күні, сағат 20.00-де Астанадағы «Конгресс-Холл» сарайында «Қасымның әндері-ай!» атты ән кеші өтеді. Осыған орай кешті ұйымдастырушы әнші Гүлбаршын Тергеубекова «Таңшолпанда» қонақта.
«Қасым әндерінің кеші ең алғаш рет осыдан екі жыл бұрын өткізілген. Кеш өткізу туралы ой ақын туралы деректі фильм көргеннен кейін келді. Оның үстіне, «Өзім туралы» деген әнін бала күнімнен домбырамен орындап жүрдім, отты поэзиясымен сусындап өстім. Қазір балаларым да Қасымның жырларын жатқа айтады. Өнердің ортасында жүргеннен кейін ақын шығармашылығын қолдауды парызым деп санаймын», дейді ол.
Әнші биылғы кеште тыңдармандарға Қасым Аманжоловтың сөзіне жазылған Сейфуллин Жолбарыстың «Алатау», Жарылқасын Дәулеттің «Көктем», Халықберген Әбілжанның «Дүние» атты әндері ұсынылатынын жеткізді.