Қасымның әндері-ай! - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасымның әндері-ай!

19.02.2014
Қасымның әндері-ай!
Биыл қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, ақын Қасым Аманжоловтың туғанына - 103 жыл.
 
Қасым Аманжолов қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Қызыл деген жерде 1911 жылы дүниеге келген.
 
Оның тұңғыш өлеңдер жинағы 1938 жылы «Өмір сыры» деген атпен жарық көрді.  Қаламгер бейбіт өмірді, қан майданды, табиғатты, туған жер мен ата-ананы, достық пен махаббатты биік парасаттылықпен, тебіреніспен жырлады.
 
1939-1940 жылдар ақынның өсу жолындағы елеулі кезең болды. «Нар тәуекел», «Бурабай толқындары», «Дауыл», «Көкшетау», «Орамал», «Сұлтанмахмұт туралы баллада», «Өз елім», «Ғашық едім, қайтейін» сияқты туындылары осы уақытта дүниеге келді. «Құпия қыз», «Бикеш» секілді алғашқы поэмаларын жазды.
 
Қасым Аманжолов – көркем аударма өнерінің де үздік шебері. Орыс, Батыс пен Шығыс поэзиясының классикалық туындыларын қазақ тілінде сөйлетті. 1930 жылдардың өзінде-ақ  А.Пушкиннен, М.Лермонтовтан, Т.Шевченкодан, Дж.Байроннан, В.Маяковскийден шебер аудармалар жасады.
 
Өзі айтқандай, ол үшін аударма – екі адамды бір таудың қос шыңындай, бір қолдың екі саласындай, бір еменнің егіз бұтағындай бір-бірімен ту­ысты­ратын алтын көпір.
 
1943 жылы батыстағы майданға аттанған намыскер, өр, қайсар Қасым жауынгерлік міндетін жан аямай атқарады. «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы  - соның айғағы.
Бүгінде қазақ сахнасынан ақын сөзіне жазылған «Дариға, сол қыз», «Түн ортасы ауғанда», «Махаббат періштесі», «Күлемін де жылаймын», «Ақ сәуле», «Жаным, сәулем, ер­ке­шім», «Алма бағында», «Орал» әндері қазақ көгінде жиі әуелейді. 
 
Биыл да ақын мерейтойына орай 20-ақпан күні, сағат 20.00-де   Астанадағы «Конгресс-Холл» сарайында  әнші Гүлбаршын Тергеубекованың ұйымдастыруымен  «Қасымның әндері-ай!» атты ән кеші өтеді. Кешке сахна жұлдыздары мен белгілі ақындар қатысады.
 
«Жалын жұтып, жанын жеп жазған құрлы,
Өлеңінің өлмеуін арман қылды.
Тасқа басып қалдырды тәкаппар жан,
Қан менен жас аралас тарлан-жырды», деп Мұқағали жырлағандай, Қасымның тәкаппар  жыры  халқымен бірге жасай бермек.   

Хабарламаларға жазылу