Олимпиада нышандарының әрбірі тұнған тарих пен терең философия - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Олимпиада нышандарының әрбірі тұнған тарих пен терең философия

12.02.2014
Олимпиада нышандарының әрбірі тұнған тарих пен терең философия
  Жалпы, олимпиадалық нышандарға ту, әнұран, ант, ұран, медальдар, алау, зәйтүн бұтағы, отшашу жатады. Оларды коммерциялық мүддеге пайдалануға тыйым салынған.
 
Олимпиада ойындарының туы деп ойындардың эмблемасы тігілген ақ матаны айтады. Эмблеманы 1913 жылы франциялық барон Пьер де Кубертен ойлап тапқан.
 
Бұл ту алғаш рет 1920-шы жылы Антверпенде өткен VII Жазғы Олимпиада ойындарында ұсынылған болатын. 1988 жылы Сеулде өткен Олимпиада кезінде 1920 жылдан келе жатқан ту ауыстырылды. Бүгінгі таңда ескі ту Швейцарияның Лозанна қаласындағы мұражайда сақтаулы.
 
Олимпиада ойындарының туының ортасында бес сақина бейнеленген. Солдан оңға қарай орналасқан сақиналардың түстері: көк, қара, қызыл, сары және жасыл. Бұл түстер Олимпиаданың мақсатын, яғни бес құрлықтың бірлігін айқындайды. 1951 жылға дейін ресми сөздік бұл сақиналар әр құрлыққа сәйкес деп келген: Еуропа – көк, Азия – сары, Африка – қара, Австралия – жасыл және Америка – қызыл.
 
Олимпиада ойындарының ұранын франциялық дін қызметшісі Анри Дидон айтқан. Ал Пьер де Кубертен бұл сөзді 1894 жылы Халықаралық Олимпиада Комитетін құрған кезде ойындардың ұраны ретінде ұсынған болатын.
 
Латын тіліндегі «Citius, Altius, Fortius» деген сөз тіркесін тура мағынасында «Жоғарырақ, биігірек, күштірек» деп аударуға болады. Алайда мұндағы «күш» («fortius») деген сөз тек физикалық мықтылықты ғана емес, рухтың да қайсарлығын білдіреді. Сол себептен ұранды «Жоғарырақ, биігірек, батылырақ» деп аударса қате емес.
 
Осыған қоса Олимпиада ойындарында бейресми ұран да бар. «Ең бастысы - жеңіс емес, ойындарға қатысу» деген сөздерді Кубертен айтты дейді. Алайда бұл қате түсінік. Негізінде бұл марафондық жүгіруші Пиетри Дорандоға қатысты айтылған (1908, Лондон) сөз еді. Мәреге аз қалған кезде оған сырттан біреулер жеңіске жетуге көмектеседі.
 
Ол мұндай жәрдемді сұрамаса да ойындардан шеттетіледі. Келесі күні жеңімпаздарды марапаттау кезінде италиялық марафоншыны корольдік жанұяның бір өкілі шақырып, спорттағы керемет жетістіктері үшін алтын кубок сыйлайды.
 
Мұны көрген пенсильваниялық епископ: «Иә, Олимпиада ең бастысы жеңіс емес, ойындарға қатысу» деп айтады. Яғни, бұл – соңына дейін бар күшін салып жарысқан спортшыға деген құрмет көрсету.

Хабарламаларға жазылу