Семейде кондитерлік фабрика іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде кондитерлік фабрика іске қосылды

10.02.2014
Семейде кондитерлік фабрика іске қосылды
Семейде кондитерлік фабрика іске қосылды. Жаңа кәсіпорынның жалпы аумағы 8,5 мың шаршы метрді құрайды. Өндіріс көлемі бірінші кезек бойынша жылына 12 мың тонна болмақ, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Жобаны төрт кезеңде жүзеге асыру көзделіп отыр. Компания басшысы Мәди Өмірзақтың айтуынша, төртінші кезеңді 2015 жылы іске асыру жоспарланған. Кәсіпорын толық қуатымен жұмыс істеген кезде жылына 22 мың тонна өнім, негізінен,  ұннан жасалған өнімдер өндірілмек.

«Елімізде кондитерлік өнімнің 60 пайызы сырттан әкелінеді. Біздің мақсатымыз - импорттың орнын толтыру», – дейді «Kondiz» ЖШС жетекшісі Мәди Өмірзақ.

Қазіргі уақытта 200 жаңа жұмыс орны ашылды. Төртінші кезеңде 450 жұмыс орны болады, деп жоспарланған. Жобаның жалпы құны – 4 миллиард теңге.

Жаңа зауыттың ашылу салтанатына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Сәлімгерей Бекбергенов, Парламент Сенатының депутаттары Талғатбек Абайділдин мен Сергей Плотников қатысып, кәсіпорынның операторлық бөлімінің, зертханасының, ашытқы бөлімдерінің жарақтандырылуын, цех технологиясы мен қойма алаңын аралап, жұмысымен танысты.

Хабарламаларға жазылу