Астанада Біржан салға арналған концерт болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Біржан салға арналған концерт болады

06.02.2014
Астанада Біржан салға арналған концерт болады
7 ақпанда Астана қаласындағы Назарбаев орталығында Біржан сал Қожағұлұлына арналған «Айбозым» атты концерт өтпекші. Осыған орай «Таңшолпанның» студиясында Астана қаласы мемлекеттік филармониясының әншілері Ерлан Рысқали және Данияр Мұқан қонақта болды.
 
«Біздің филармонияның халық әні бөлімі бар. Сол бөлімнің жылдық жоспары бойынша бір айда екі композитордың шығармашылығына тоқталамыз. Осы жылдың басын қазақтың кәсіби деңгейдегі ән өнерінің атасы – Біржан сал Қожағұлұлы бабамыздың шығармашылығымен бастағалы отырмыз»,-дейді әнші Ерлан Рысқали.
 
Біржан салдың 20 шақты әні бар. Бірақ, Біржан сал дегенде бірден еске түсетіні, бұл – екінің бірі орындай бермейтін әннің шыңы – «Айтбай» әні. Одан кейін «Жанбота», «Адасқақ», «Теміртас», «Сырғақты», «Он саусақ», «Айбозым» сынды әндері бар.
 
«Ақан Сері, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Иманжүсіптер Біржан салды ұстаз санаған. Тіпті, Үкілі Ыбырайды Ақан Серінің өзі алып келіп, Біржанның батасын алдыртқаны, Біржанның Үкілі Ыбырайға: «Бізден кейінгі әннің перісі осы екен», деп бата бергені тарихтан белгілі. Сол себепті де Біржанды әннің атасы дейміз»,-дейді әнші.

Хабарламаларға жазылу