Жоғарғы сот Челах үкімін өзгеріссіз қалдырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жоғарғы сот Челах үкімін өзгеріссіз қалдырды

04.02.2014
Жоғарғы сот Челах үкімін өзгеріссіз қалдырды
Жоғарғы соттың қадағалау алқасы 2012 жылы мамырда Алматы облысының Арқанкерген шекара бекетінде болған оқиғаға айыпты деп өмірлік түрме жазасына кесілген Владислав Челахтың шағымын қарап, оны қанағаттандырмай тастады, деп хабарлайды «Азаттық».

Соттан кейін Владислав Челахтың адвокаты Серік Сәрсенов оның қазақстандық барлық сот орындарына шағымданғанын, енді тек БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетіне жүгінуі ғана қалғанын айтты.

Естеріңізге сала кетейік, 2012 жылы мамырдың 30-ы күні тұтас өртеніп кеткен Арқанкерген шекара бекетінен 14 шекарашы мен 1 қорықшының – барлығы 15 адамның мәйіті табылған еді. Бұл қылмысқа қатысты тірі қалған жалғыз шекарашы – 19 жастағы Владислав Челах айыпты деп танылып, ол 2012 жылы желтоқсан айында сот үкімі бойынша өмір бойы түрме жазасына кесілген.

Сотта Челах тергеу кезінде қысым жасалғанын айтып, сол кезде берген жауаптарынан бас тартатынын мәлімдеген. 

2013 жылы ақпанда апелляциялық сот Владислав Челахқа қатысты шыққан үкімді күшінде қалдырған. Ал маусымда әскери сот бұл үкім бойынша адвокаттың түсірген кассациялық шағымын  қанағаттандырмаған еді.

Хабарламаларға жазылу