Индер өңірінде игілікті іс көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Индер өңірінде игілікті іс көп

31.01.2014
Индер өңірінде игілікті іс көп

Атырау облысындағы Индер ауданында 2 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Мұның өзі 40 мыңдай халқы бар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен серпін беріп отыр. 

 
Жыл өткен сайын жұмыссыздардың қатары да азайып келеді. Халық игілігі үшін биыл қолға алынатын шаруалар да шаш етектен. Алайда, ауданда қордаланған әлеуметтік мәселелер де баршылық.
 
Ауданда үш ірі өнеркәсіп орны жұмыс істейді. Олар натрий гипохлоридін, гипсокартон және құрғақ қоспалар шығарады. Өткен жылы ауданның өнеркәсіп саласында 2 миллиард 107 миллион теңгенің өнімі өндірілді.
 
Өңірде өнеркәсіп, шағын кәсіпкерлік салаларының дамуының арқасында жұмыссыздық проблемасы да өз шешімін тапқан. Ал ауданға қажетті мамандарды тұрақтандыру үшін арнайы тұрғын үйлер салынбақшы. Сонымен бірге, мемлекеттік қызметкерлер, баспанаға мұқтаж жандар да пәтермен қамтамасыз етіле бастайды. 
 
Серік Арыстан, аудан әкімі:
Апатты деңгейдегі үш мектеп бар еді. Сол мектептердің осы жылы құрылысы басталып, биылғы жылдың аяғына дейін аяқталады деп күтіп отырмыз.
 
Бюджеттік түсімдер молайып, кәсіпкерлік дамып, жұмыссыздық деңгейі азайған соң, енді ауданда әлеуметтік нысандардың құрылысына ерекше мән берілуде. 
Биыл жергілікті әкімшілікке қарасты үш селолық округте мәдениет үйлері, 290 орындық екі балабақша бой көтереді.
 
Ал 25 жылдан бері жөндеу көрмеген мына балабақша жақында қалпына келтірілді. Қазір мекеме толық қуатымен жұмыс істеп, 115 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр.
 
Дәмелі Тасимова, «Қызғалдақ» балабақшасының директоры:
Ауылда  жұмыс орны ашылып, 46 жұмысшы алдық. Оның ішінде 20-сы педагог.
 
Ауданда ілкімді істермен қатар, халық көкейінде жүрген түйткілді мәселелер де баршылық. Жиынға қатысушылар   оларды іркілмей айтты.
 
Ғалымжан Нұғыманов, аудан тұрғыны:
Жайықтан су көтеретін насостар 30-40 жыл жөндеу көрмеген. Жаңартуды қажет етеді. Әйтпесе, егіншілік, мал шаруашылығы дамымайды. Мал еркін жайылымда жайылуы керек, егіс тарылды. Бұрынғыдай емес. Жерасты қабатындағы сулардың қорын іздестіру керек.
 
Әсел Сарғойшина, аудан тұрғыны:
Аудан орталығындағы мектепке қыс мезгілінде балалардың қатынасуы қиын болып тұр. Осыған байланысты, мектептер автобустармен қамтылса деген ұсынысымыз бар.
 
Тұрғындардың бұл ұсыныстары назардан тыс қалған жоқ. Аудан әкімінің есебіне қатысқан облыс басшысы кезек күттірмейтін мәселелердің дереу шешілетіндігін айтып, жұртты сендірді. 
 
Батырбек ҚУАНДЫҚҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу