«Мен бұл кітапта аты белгісіз, бірақ талантты актерлерге баса мән бердім» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Мен бұл кітапта аты белгісіз, бірақ талантты актерлерге баса мән бердім»

29.01.2014
«Мен бұл кітапта аты белгісіз, бірақ талантты актерлерге баса мән бердім»
Бүгін - ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаевтың туған күні. Жақында жарық көрген «Өмірдің өзі - театр» атты кітабы турасында ол: «Біз Сайын Мұратбеков екеуміз бірге оқығанбыз. Сайын айтып жүретін: «Сәке, сенің көңілді әңгімелерің бар. Соларды бір жерге түртіп қойсаңшы. Кейін керек болады», деп. Сол сияқты, Шерхан ағам да: «Сен мұны кітап етіп шығар», деді.  Сосын бір күні «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай келіп, «Аға, сіз бізге осы әңгімелеріңіздің шет жағасын айтып берсеңіз, біз жазар едік»,-деді. Газет бетіне шыққаннан кейін көп жері көңіліме қонбаған соң, жүйелі түрде жазып отыратын болдым»,-дейді.
 
Автор бұл кітапта қазақ театры мен кино өнері тарландарының сахна сыртындағы әзіл-оспағын, театрдан тыс тіршілігін, қарапайым өмірдегі әртүрлі қызық оқиғаларын және өнер туралы өз ой-толғамдарын топтастырған.
 
«Біз театрымыздың негізін қалаған адамдармен қызметтес болдық. Сол кісілермен бірге жүрдік, елді мекендерді араладық. Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Әбікен Қасеновтер тұнып тұрған тарих қой. Сосын театрда жүз адам еңбек етсе, оның ары кетсе, жиырмасы ғана халыққа танымал. Мен бұл кітапта сол аты белгісіз, бірақ талантты актерлерге баса мән бердім. Кейінгі ұрпақ олардан да хабардар болу керек деген мақсатпен»,-дейді актер.
 
Біздің анықтама:
Оразбаев Сәбит Қоңырбайұлы 1936 жылы Оңтүстік Қазақстан (бұрынғы Шымкент) облысы, Арыс ауданында дүниеге келді.
 
1955-1959 жылдар аралығында Қазақтың Мемлекеттік Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваториясының театр факультетінде оқып, актерлік мамандық алып шықты. 1960 жылдан бастап  М.Әуезов театрында еңбек етеді.
 
Алғашында негізінен комедия жанрында,  Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», «Құдағи келіпті», Қ.Шаңғытбаев пен Қ.Байсейітовтің «Беу қыздар-ай!» спектакльдерінде жарқырады.
 
Осы сахнадағы жарты ғасырдан аса шығармашылық өмірінде  қазақ және әлем классикасынан, қазіргі заман драматургиясынан жүзге тарта  сахналық кейіпкер сомдады.
 
Олардың үздіктері қатарында Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуындағы» Жантық, Ә.Тәжібаевтың «Майрасындағы» Дүрбіт, З.Шашкиннің «Жаяу Мұсасындағы» Жаяу  Мұса, А.Островскийдің «Жазықсыз айыптыларындағы» Муров, Қ.Мұхамеджанов, Ш.Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуіндегі» Исабек, О.Бодықовтың «Дала тұтқынындағы» Достоевский,  Т.Ахтановтың «Антындағы» Әбілхайыр хан, Н.Гогольдің «Ревизорындағы» Дуанбасы, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен теріндегі» Сүйеу, Ә.Таразидің «Жолы болғыш жігітіндегі» Асан, Д.Исабековтің «Тыныштық күзетшісіндегі» Демесін, Чеховтың «Сүйікті менің ағатайымындағы» Серебряков, т.б. сияқты біріне-бірі ұқсамайтын кесек кейіпкерлер бар.
 
Көрнекті актердің тәуелсіз Қазақстанның сахна өнерін дамытудағы еңбегі зор. Бұл кезеңде ол жасаған күрделі бейнелер қатарында А.Сүлейменовтің «Төрт тақта-жайнамаз» драма-диалогындағы Әбдінәсім шал, Д.Исабековтің «Ескі үйдегі екі кездесуіндегі» Айтөре, Б.Мұқайдың «Өмірзаясындағы» Әли, қырғыз драматургы М.Ғапаровтың «Тұзды шөліндегі» Президент, К.Аширдің «Қабыл – Адам ата перзентіндегі» Ібіліс рөлдері бар.
 
Сонымен қатар,  М.Байсеркеновтің «Абылайханның ақырғы күндеріндегі»  Бұқар жырау, Ф.Буляковтың «Отыз ұлың болғаншасындағы» Абдулла және қырғыз драматургы Б.Жакиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпай...» драмасындағы басты кейіпкер Қария сынды бір-біріне ұқсамайтын, жан дүние драматизмі күшті кейіпкерлерін жүрегінде заманның дерті бар әлеуметтік тип деңгейіне көтерді.
 
Халықтық өнер бастауынан қанып ішкен өнерпаз, әнші, сазгердің әндері де халық арасына кең тараған. Және бұл өнері М.Әуезовтің «Абай» трагедиясындағы Мағауия, З.Шашкиннің «Жаяу Мұсасындағы» Мұса, Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-Анасындағы» Майсалбек рольдерінде кезең-кезеңімен жарқырай көрінді.
 
Өнердегі жемісті еңбегі лайықты бағасын алып, ол 1976 жылы Қазақстан Республикасының халық әртісі (1976), ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1996), сондай-ақ, Өзбекстан Республикасының Еңбек  сіңірген әртісі атақтарына ие болды.
 
Еңбек Қызыл Ту және «Парасат» және «Отан»  ордендерімен марапатталған.

Хабарламаларға жазылу