Танымал жобаның ақтық сыны – Ұлттық телеарнада. Төрт тәлімгер, төрт үміткер.
«Тыңдарманын, жанкүйерін тапқан» Роза Мұқатаева ақтық сынға халықтың қолдауымен жеткен әнші. Тәлімгері Мәдина Сәдуақасова: «Мен оны әнші, тіпті әріптесім ретінде қабылдаймын», - дейді. Бұл үміткерге берілген жоғары баға.
Финалға жеткен үздіктердің бірі Тимур Омаров: «Мен бұл жобада сахнада еркін тұруды үйрендім», -дейді. Соңғы сында «Ұмыттың ба сен?» әнін орындаған оған тәлімгерлердің бірі Медеу Арынбаев: «Тимурдың таңдаған әні ұнады. Көрерменді тебіренте алды», - деді.
Жанғали Әбішев: «Менің орындаған әндерім өзімнің көңілімнен шыға бермейді. Үйренгенімнен үйренерім әлі көп. «Қазақстан дауысы» жобасының сахнасына шыққанда әлемдік деңгейдегі жобада тұрғандай әсер аламын. Бүкіл Қазақстан халқы қарап отыр, бұл мен үшін – үлкен бақыт»,-дейді.
«Мені дәстүрлі әнші деп хабарлайды жобада. Алайда, мен мұндай атақ алатындай, дәстүрлі өнерде әлі орным жоқ. Халық әндерін эстрада жанрында орындап, көптің көңілінен шығып жатсақ, қуанамыз әрине. Дәл осы кезеңге дейін жетемін деп ойламадым»,-дейді жобаның тағы бір үміткері Шахаризат Сейдахмет.
Бүгін 21.35-те «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан «Қазақстан дауысы» жобасын көріңіз!