«Алтын доп-2013» иегері - Криштиану Роналду (ФОТО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Алтын доп-2013» иегері - Криштиану Роналду (ФОТО)

14.01.2014

Португалия құрамасы мен «Реал» жартылай қорғаушысы Криштиану Роналду 2013 жылғы «Алтын доп» жүлдесін иеленді. Ол жылдың үздік футболшысы атағы үшін болған бәсекеде Франция құрамасы мен «Баварияның» жартылай қорғашысы Франк Рибери және Аргентина құрамасы мен «Барселона» шабуылшысы Лионель Мессиден басып озды. Соңғы екі жылда португалиялық футболшы екінші орын алды. Дегенмен, Роналду 2008 жылы «Алтын доп» атағына лайық деп танылған еді.
 

2013 жылдағы ең үздік футболшы қыз атағын Германия құрамасының қақпашысы Надин Ангерер жеңіп алды. Бұл атақтан америкалық Эбби Уомбах пен бразиялық Марта да үміттенген еді.
 

2013 жылғы ФИФА құрамасының тізіміне енген футболшылар тізімі:
 
Қақпашы:  Мануэль Нойер («Бавария, Германия»); Қорғаушылар: Филипп Лам («Бавария», Германия), Серхио Рамос («Реал», Испания), Тьяго Силва («ПСЖ», Бразилия), Дани Алвес («Барселона», Бразилия); Жартылай қорғаушылар: Андрес Иньеста («Барселона», Испания), Хави («Барселона», Испания), Франк Рибери («Бавария», Франция); Шабуылшылар : Криштиану Роналду («Реал», Португалия), Златан Ибрагимович («ПСЖ», Швеция), Лионель Месси («Барселона», Аргентина).
 

ФИФА президенті Йозеф Блаттер футбол дамытуға қосқан үлесі үшін  Халықаралық Олимпиадалық комитеттің бұрынғы жетекшісі Жак Роггеге арнайы сыйлық табыс етті.
 

2013 жылдың бас бапкері – Юпп Хайнкес атанды. Ол өткен жылы«Бавария» клубымен Германия чемпионаты, Чемпиондар Лигасы, Германия Кубогы және Германия Суперкубогын ұтып алды. Бұл атаққа үміткерлердің тізімінде «Манчестер Юнайтедтің» бұрынғы бапкері сэр Алекс Фергюсон мен дортмундық «Боруссия» тізгінін ұстаған Юрген Клопп болды.
 
Ал әйелдер арасынан үздік бапкері атағы Германия футбол құрамасының бас жаттықтырушысы Сильвия Найтқа берілді.
 

Таза ойын үшін берілетін дәстүрлі «FAIR PLAY» сыйлығын Ауғанстан футбол федерациясы алды. Ал «Алтын доп» құрметті сыйлығы аты аңызға айналған футбол королі Пелеге табыс етілді.
 

Жылдың ең үздік голына берілетін Ференц Пушкаш атындағы сыйлықты Швеция құрамасы мен «ПСЖ» шабуылшысы Златан Ибрагимович иеленді. Оның Англия құрамасымен өткізген жолдастық кездесуде соққан голы «Бенфика» жартылай қорғаушысы Немантя Матич пен «Барселона» шабуылшысы Неймардың голдарын басып озды.

Хабарламаларға жазылу