Қазақстан «Ұлы Жібек жолының Экономикалық белбеуі» жобасына қатыспақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан «Ұлы Жібек жолының Экономикалық белбеуі» жобасына қатыспақ

10.01.2014
Қазақстан «Ұлы Жібек жолының Экономикалық белбеуі» жобасына қатыспақ
2014 жылғы 9 қаңтар күні ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбай Қытайдың Қазақстандағы Елшісі Лэ Юйчэнмен кездесті. Кездесу барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастың барлық бағыттары бойынша, сондай-ақ «Ұлы Жібек жолының Экономикалық белбеуі» жобасына бөлек тоқтала отырып жан-жақты пікір алмасты. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
 
Аталмыш стратегиялық бастама Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға 2013 жылғы қыркүйек айында жасаған мемлекеттік сапары аясында ұсынылған болатын және аталмыш мәселе Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауына ие болған еді.
 
Осыған орай, кездесу барысында Қайрат Сарыбай қазақстандық тарап, экономика, сауда, инвестиция, мәдениет секілді салалардағы ынтымақтастықты қамтитын және аймақаралық ықпалдастықты сапалы түрде жаңа деңгейге жетелейтін бұл кең ауқымды жобаны іске асыру жолдарын қарастыруда ең белсенді қатысуға дайын екендігін жеткізді.
 
«Ұлы Жібек жолының Экономикалық белбеуі» жобасын іске асыру идеясы Қазақстанның Орталық Азияның сауда, логистикалық және іскер орталығына айналуына ықпал жасайды. Сонымен қатар бұл Астананың халықаралық ынтымақтастықтағы азиялық векторын нығайтатын «Қазақстан - Жаңа жібек жолы» атты бастамасымен мазмұндас», - деді Қ. Сарыбай.

Хабарламаларға жазылу