2013 жылдың үздік фильмі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2013 жылдың үздік фильмі

10.01.2014
2013 жылдың үздік фильмі

Альфонсо Куаронның «Тартылыс күші» («Гравитация») фильмі Британ кино және телевизия өнері академиясының (BAFTA) аталымдары бойынша 2013 жылдың үздік фильмі болып танылды.

Сыйлықтың ресми сайтында кеше хабарланғандай, бұл фильм «Үздік фильм», «Британдық керемет фильм», «Үздік режиссер» және «Үздік сценарий» аталымдарына да үміткер болып отыр. «Тартылыс күшінде» басты рөлді сомдаған Сандра Буллок «Үздік актриса» аталымы бойынша үміткерлер тізіміне ілікті. Оның бәсекелестері ретінде Эми Адамс («Америкалық афера»), Кейт Бланшетт («Жасмин»), Эмма Томпсон («Мистер Бэнксті құтқару») және Джуди Денч («Филомена») сияқты актрисалар таңдалды.

Алдыңғы пландағы үздік актер атағы Мартин Скорсезенің «Уолл-стриттік қасқыр» фильмінде басты рөлді сомдаған Леонардо ди Каприоға бұйыруы мүмкін. Ал оның қарсыластары ретінде Кристиан Бейл («Америкалық афера»), Чиветел Эджиофор («12 жыл құлдық»), Том Хэнкс («Капитан Филиппс») және Брюс Дерн («Небраска») сынды актерлер қарастырылуда. Сыйлықты салтанатты табыстау рәсімі Лондонда 2014 жылдың 16 ақпанында өтеді.

Былтыр BAFTA нұсқасы бойынша Бен Аффлектің «Арго операциясы» драмасы үздік фильм деп танылса, британдық керемет фильм атағын Джеймс Бонд туралы «007: Скайфолл координаттары» фильмі жеңіп алған болатын. Альфонсо Куаронның «Тартылыс күші» фильмі 2013 жылы шығып, 70-ші Венеция кинофестивалін ашқан.

2013 жылғы жалпы табыс бойынша ол ең табысты 10 фильмнің қатарына еніп, 642,5 миллион доллар жинады. Оған көбіне тек жағымды рецензиялар жазылып, жылдың үздік фильмдерінің көптеген тізімдеріне енді. Джордж Клуни де өз үлесін қосқан бұл фильм «Алтын глобустың» 4 аталымына ұсынылып, сондай-ақ, «Оскардың» ең негізгі үміткерлерінің бірі ретінде қарастырылуда.

Хабарламаларға жазылу