Қазақстандықтар Головкин – Адама жекпе-жегін тікелей эфирде көреді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандықтар Головкин – Адама жекпе-жегін тікелей эфирде көреді

08.01.2014
Қазақстандықтар Головкин – Адама жекпе-жегін тікелей эфирде көреді
Кәсіпқой бокстан WBA және IBO тұжырымы бойынша Әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Геннадий Головкин 1-ші ақпанда  Монте-Карло қаласында чемпиондық атағын қорғайды. Оның қарсыласы - ганалық Осуману Адама.  
 
«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мен «KAZsport» телеарнасы бұл жекпе-жекті тікелей эфирде көрсетеді. Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық боксшының өткен мауысымдағы барлық жекпе-жегі де тікелей эфирде ұсынылған еді.
 
32 жастағы Геннадий Головкин үшін кәсіпқой бокстағы 29-шы жекпе-жек болмақ. Қазақстандық боксшы барлық кездесуді жеңіспен аяқтаған. Ал АҚШ-тың Чикаго қаласында тұратын Осуману Адама кәсіпқой бокста өткізген 25 жекпе-жектің 22-н жеңіспен аяқтап, үшеуінде жеңілген.

Бұл жекпе-жекке болжам жасаушы букмекерлер қазақстандық боксшының жеңісіне күмән келтірмейді. Геннадий Головкиннің жеңісіне берілген коэфициенті– 1,03, ал Осуману Адама жеңісінің коэфициенті – 20. Жекпе-жектің тең аяқталуы 56 коэфициентке бағаланған.
 
Ганалық боксшы Головкинді жеңген бірінші боксшы болғым келеді деп мәлімдеме жасаған еді. Ол өзін жылдам және физикалық тұрғыда мықты боксшы санайды. Алайда қазақстандық боксшы қарсыласы жөнінде ешқандай мағлұмат білмейтінін айтты. Тіпті оның жекпе-жектерін де көрмеген.

Хабарламаларға жазылу