Қазақ халқының өмірінде жылқының алар орны ерекше - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ халқының өмірінде жылқының алар орны ерекше

06.01.2014
Қазақ халқының өмірінде жылқының алар орны ерекше
Жүгі – нарда, қазаны – теңде болып, көшпелі ғұмыр кешкен қазақ халқының өмірінде жылқының алар орны ерекше. Қазақ тұлпарды  жеті қазынаның біріне қосады. Осы түлікпен байланысты қаншама салт-дәстүріміз бен ұлттық ойындарымыз бар.
 
Топ бәйге – аттың бабын қажет ете бермейтін ат шабыс түрі. 10-15 шақырым арасында аты бар ниет білдірушілердің барлығы да қатыса береді. Көбіне Наурыз мерекесінде, той мен аста ұйымдастырылатын болған. Кейбір деректерде XV ғасырдың 70-ші жылдарында Керей мен Жәнібек сұлтандар Қазақ хандығын құрғанда Шу өзенінің жағасындағы Тұлпарсаз деген жерде топ бәйге ұйымдастырғандығы айтылады. Осы кезден бері бұл жарыс қазақтың алқалы жиындарының ажырамас бөлігіне айналып келеді.
 
Теңге ілу – бозбалалар ойнайтын қазақтың ұлттық ат спортының  ертеден келе жатқан түрі. Бұл ойын тегіс жерде өткізіледі. Желіп келе жатқан ат үстінде, желісін баяулатпастан, төменге тез иіліп, жердегі орамалмен оралған теңгені көтеріп, соңына қарай  тастап отыру керек. Теңге ілу алаңының ұзындығы – 120 метр.
 
Көкпар ойынының атауы «көк бөрте» сөзінен шыққан. Көкпарға жасқа толған серкенің семізі таңдалған. Себебі, семіз серкенің терісі жыртылмайды. Орташа салмағы – 70-80 келідей болады. Орталық Азия халықтары арасында кең тараған ойын түрі. Бұл ойын жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Сонымен қатар, көкпар аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт.

Хабарламаларға жазылу