«Дала уәлаяты» газетінің шыққанына – 126 жыл толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Дала уәлаяты» газетінің шыққанына – 126 жыл толды

02.01.2014
«Дала уәлаяты» газетінің шыққанына – 126 жыл толды
 
Кеше, «Дала уәлаяты газетінің» жарық көргеніне 126 жыл толды. Бұл газет Омбы қаласында 1888 жылдың 1 қаңтарынан 1902 жылдың 12 сәуіріне дейін қазақ, орыс тілдерінде «Акмолинские областные ведомости» газетіне қосымша ретінде шығып тұрды.
 
Басылым алдымен Батыс Сібір, кейін құрамына Ақмола, Семей және Жетісу облыстары кіретін Дала генерал-губернаторлығының халқын атқарушы биліктің қызметімен таныстыру мақсатын көздеді.
 
Газеттің қазақша нұсқасына Ешмұхамед Абылайханов пен Дінмұхамед Сұлтанғазин редакторлық жасады. Бастапқыда жарты баспа табақ көлемінде 4 бет болып аптасына бір рет басылған газет, 8-нөмірінен бастап 1 баспа табақ көлемінде 8 бет болып шыққан.
 
Оның бейресми бөлімінде Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов туралы материалдар басылды. Сондай-ақ, Абай, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлихан Бөкейханов, Барлыбек Сыртанов, Отыншы Әлжанов, Сәдуақас Шорманов, Жағыпар Айманов, Асылқожа Құрманбаев, Қорабай Жапанов, Мұхамеджан Сералин, Жақып Ақбаев, Әміре Айтбақин және тағы басқалардың шығармалары, хаттары, мақалалары шығып тұрған.
 
Басылым материалдары тәуелсіздік жылдары библиограф-ғалым Үшкілтай Субханбердинаның құрастыруымен 4 кітап болып жарық көрді.

Хабарламаларға жазылу