Технология жетістігі жете қолданылмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Технология жетістігі жете қолданылмай отыр

19.08.2019

Қазақстанда жүрек пен өкпе қызметінің жетіспеушілігінен көз жұматындар көп. Ал мұндай науқастардың өмірін сақтап қалуға қажетті медициналық озық технологиялар енгізілген. Бірақ олардың мүмкіндігін толық пайдалана алмай отырмыз. Неге?

Жансақтау бөлімінде жатқан науқас 18 күн бойы өзінің жүрегімен емес, мына аппараттың көмегімен демалып жатыр. Тап осы құрылғы оның өмірін жалғап тұр. Ең маңызды ағзасы зақым алғандықтан қызметі жұмысын тоқтатқан. Ал бұл технология әлсіреген ағзаның қайта қалпына келгенше оның қызметін атқарады.  

Аппарат жүрек пен өкпенің қызметін қатар атқаруға қауқарлы. Бірақ қызметі өте қымбат. Шамамен бір науқастың аяғынан тұрып кету үшін кемінде 10 миллион теңге қажет. Сол себептен елдегі көп өңірде құрылғы қолданылмай тұр.

Тимур Лесбеков, Ұлттық кардиохирургия орталығының бөлім жетекшісі: 

Мұндай аппарат барлық  дерлік облыс орталығында бар, бірақ, өкінішке қарай оның көбі қолданылмайды. Өйткені, оны пайдалану үшін қомақты қаржы қажет. Ал  ауруханаларға мұндай қаражат бөлінбейді.  Ал осы құрылғыға мұқтаж науқастардың қатары көбейіп келеді.

Оның үстіне техниканың тілін білетіндер аз. Ұлттық кардиохирургия орталығы тап осы бағытта мамандарды оқытуды қолға алды. Қазір Шымкенттен бір топ кардиолог келіп, дәріс алуда. Осындай оқу-үйретудің арқасында жүрек пен өкпе қызметінің жетіспеушілігінен көз жұматындардың қатары азайған. Айталық, өкпесі қабынған науқастардың 70 пайызына дейін аман алып қалуға қол жетті.

Нұрғиса Пернебаев, Шымкент қалалық кардиохирургиялық орталығының кардиолог дәрігері:

10 адам ауыр инфарктпен түсетін болса, соның 1-2-не қоямыз. Ол күнделікті жағдайдың өзін есептегенде. Түсінбеген мәселелерімізді осы жерден біліп, кеңес алдық.

Әлемде бұл аппарат ауруханалардан тыс, әскери салада кең қолданыста. Жараланған азаматтардың жанын аман қалуға мүмкіндік береді. Өйткені құрылғы өте жеңіл, ыңғайлы. Ал біздің елімізде бар құрылғыны толық қолдануға қол жеткізу үшін күш салынуда.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ

 

 

Хабарламаларға жазылу