Медицина университеті түлектерінің 48 пайызы ауылдық жерлерге жіберіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Медицина университеті түлектерінің 48 пайызы ауылдық жерлерге жіберіледі

25.07.2019

Биыл медицина түлектерінің тең жартысына жуығы ауылдық жерлерге жіберіледі. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі айтты. Елжан Біртановтың мәліметіне сәйкес, жас мамандардың шамамен 48 пайызы ауыл-аймаққа жіберіледі.

Былтыр 700 түлек жөнелтілсе, биыл 2000 болашақ дәрігер еңбек жолын ауылдан бастайтын болады. Қазір жергілікті әкімдіктер баспана мен әлеуметтік қамсыздандыру бойынша қажет жұмыстарды пысықтап жатыр. Құзыретті мекеменің осындай шешім қабылдауына, бұған дейін медицина саласына бөлінген оқу гранттары санының сұранысқа сәйкес болмай шыққаны түрткі болған. Сөйтіп министрлік медицина мамандарын әзірлеуді өңірлердің қажеттілігіне сай қайта реттеуге мәжбүр болған. Болашақ дәрігерлер бұрынғыдай 7 жыл емес, тек 6 жыл оқиды.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Біз медицина мамандығына оқушылардың мерзімін 7 жылдан 6 жылға қысқартамыз. Бұрын 5 жыл бакалавр, 2 жыл интернатура негіздерін үйренсе, енді «5+1» жүйесі қолданылады. Бұл – оқыту процесін біріздендіреді, артық теориялық пәндерден арылтады. Нәтижесінде заманауи білім технологияларының көмегімен дәрігерлерді жылдам дайындаймыз. Екіншіден, бұл тәсіл халықаралық стандарттарға да, Болон процесінің оқыту жүйесіне де толығымен сәйкес келеді.

Бұдан бөлек, Елжан Біртанов биылдан бастап болашақ дәрігерлердің еңбек нарығына өтуінің шарттары қатаңдатылғанын айтты. Яғни, жоғары оқу орнының түлектеріне диплом бермес бұрын, алған білімін тәуелсіз сараптама орталығы тексереді. Егер түлек білімін дәлелдей алмаса, диплом берілмейді. Мұндай жүйе сауатсыз мамандардың науқасты емдеуіне тосқауыл болмақ. Айта өтейік, биылдың өзінде 11 түлек сынақтан сүрініп, дипломсыз қалған. Енді олар бір жыл ішінде қайта емтихан тапсыруға мүдделі.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу