Қаладағы №2 аурухананың медбикесі Ақжамал Естаева – ілтипат пен абыройға бөленген жан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаладағы №2 аурухананың медбикесі Ақжамал Естаева – ілтипат пен абыройға бөленген жан

19.06.2019

Дәрігер адам-жанының арашасы десек, үнемі науқастың жанынан табылатын медбике мейірімділік пен жылылықтың символы. Шымкент қаласындағы №2 ауруханада еңбек ететін Ақжамал Естаева да осындай ілтипат пен абыройға бөленген жан. Өз кәсібіне адалдығының арқасында бүгінде ол – денсаулық сақтау саласының үздігі.

Ақжамал Естаеваның күнделікті жұмысы таңертеңгі сағат 8 болмай басталады. Барлығынан бұрын келіп, ауруханадағы екпе салу, жарақатты таңу, ультрадыбыдысты диагностика бөлмесі секілді орындардың тазалығын тексеріп шығады. Зарарлы инфекцияның таралмауын және оның науқастарға жұқпауын қадағалайды.

Ақжамал Естаева, медбике:

Бөлімшелерде санитарлық эпидемиологиялық тәртіптің сақталуын бақылаймыз. Дезинфекциялық құралдарды дұрыс таңдау және құралдарды анықтау, олардың өршуіне қарсы бақылау жасаймыз.

Ауруханада бүгінде 1 мың 200 дей адам жұмыс істейді. Оның жартысынан көбі орта буынды медицина қызметкері. Бұл ортада Ақжамал Естаеваны ерекше құрметтейді. Білікті әріптес, кейінгі буынға үйретері мол маман ретінде үлгі тұтады.

Кенжетай Файзуллаев, аға медбике:

Бұл кісінің өз жұмысына ұқыптылығы, өз ісінің білгірі ретінде көреміз. Тәжірибе бар, біліктілік бар жаңадан келген медбикелерге білмейтін тұсын дер кезінде келіп үйретеді.

Ақжамал Естаеваның еңбек өтілі 35 жылдан асты. Алғашында осындағы перзентхана бөлімінде еңбек етті. Аналардың дүниеге аман сау ұрпақ әкеліп, шаңырақтарына қуаныш сыйлаған сәттерін мақтанышпен еске алады.

Ақжамал Естаева, медбике:

Бізге түскен науқас осы жерде емін алып, үйіне емделіп шыққанына өте қуаныштымын. Сол жұмысқа үлесімді қосып жатқаным үшін өзім мақтан етемін.

Ұзақ жылғы тәжірибе, өз ісіне адалдық пен жауапкершілік Ақжамал Естаеваны өз кәсібінің биігіне шығарды. Игілікті істе еңбегімен елге танылып, шипалы қолымен талай жанның сауығуына септігін тигізді. Биылғы кәсіби мереке қарсаңында ол Денсаулық сақтау минситрілігінің Алғыс хатымен марапатталды.

Ғани ҚАЛМАХАН

Хабарламаларға жазылу