Бүгінде Алматы қан орталығының базасында 500 мыңнан астам донор бар

17.06.2019

Дүниежүзілік донор күніне орай, әрдайым қан беретін азаматтарға құрмет көрсетілді. Мамандардың айтуынша, тұрақты түрде қан тапсыратын адамдардың өмірі орта есеппен бес жылға ұзарады екен. Өйткені, қанды жиі алдыру адам ағзасының жаңаруына мүмкіндік береді.

Семен Цыплаков 2003 жылдан бері тұрақты түрде қан тапсырып келеді. Жылына орта есеппен 4-5 рет қан өткізеді. «16 жылдан бері қан алдырып келе жатқан ол мұның денсаулыққа кері әсері жоқ,»-дейді. Сондықтан, көпшілікті қанға мұқтаж адамдарға қол ұшын беруге шақырады.

Семен Цыплаков, қала тұрғыны:

Алғаш рет әскерде жүргенде қан тапсырдым. Офицеріміз жол апатына ұшырап қалды. Менің қан тобым оған сәйкес келгендіктен ойланбастан қан бердім. Кейін бұл істі дәстүрге айналдырдым. Менің ойымша, денсаулығың мүмкіндік берсе, қан тапсырудан қашпаукерек. Өйткені, сенің бір тамшы қаның біреудің өмірін құтқаруы мүмкін.

Бүгінде елімізде жыл сайын 200 мыңнан астам адам қан тапсырады. Оның 18 мыңнан астамы тұрақты донор. Пациенттерді қанмен қамтамасыз ететін трансфузиялық медицина ұйымдарының саны 470-тен асады. Олардың барлығы соңғы технологиялармен жабдықталған. Дәрігерлер қан алар алдында адамның денсаулығын, қанының тазалығын барынша тексереді.

Жандос Нәдіров, қалалық қан орталығы директоры:

Күнделікті енді донордың саны 50-ден жүзге шейін келеді күнде біздің орталыққа. Жылына 15-17 мың донорлар келеді. Біздің қан орталығы бүгінге жиырмадан астам ауруханаларға қан топтарын, қан құрамдарын таратамыз.

Жыл сайын өз еркімен қан тапсыратын азаматтарға құрмет көрсетіледі. Сондай-ақ, донорларға түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, оларға сифилис,қандағы гемоглобин мөлшерін және қан тобы мен резус-факторын анықтау сынды сараптамалар тегін жасалады.

Аманкелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу