Міндетті медициналық тексерістен өтпегендерге әкімшілік жаза қолданылуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Міндетті медициналық тексерістен өтпегендерге әкімшілік жаза қолданылуы мүмкін

08.04.2019

«Қазақстандықтар өз денсаулығына бейжай қарайды. Сол немқұрайлылығының кесірінен талай аурудан шырмалып шыға алмай қалады». Отандық дәрігерлер осылай деп дабыл қаққалы қашан. Алайда оған құлақ асып жатқан адам жоқ. Ауруды асқындырып, ауруханадан бір-ақ шығып жатыр. Ал, ондай науқасты емдеу өзіне де, мемлекетке де қымбат түседі. Десе де, Үкімет аянып қалып жатқан жоқ. Жылда медицина саласына қыруар қаржы бөліп, тегін тексеруден өтуді де ұйымдастырып қойды. Тұрғындар бұл тегін көмекті неге пайдаланбайды, нені сылтауратады? Оны тілшіміз Сәуле Алдамұратқызы айтсын.

Медицина саласының мәселесі таусылған емес. Дәрігерлердің жетіспеушілігі қашанда өзекті. Бұған ауылдық жерлердегі медициналық мекемелердің жоқтығын қосыңыз. Үкімет мейлінше мол қаражат бөліп, проблеманы шешуге тырысып жатыр. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік денсаулық сақтау күні өзінің Twitter-дегі парақшасында да атап өтті.

Қатерлі дерттің алдын алатын скрининг жобасы да осы тегін көмекке жатады. Қазақстанда 180 мыңнан астам адам қатерлі ісік бойынша тіркеуде тұр. Жылына 35-36 мың науқасқа осы диагноз қойылып, 15-17 мың адам қайтыс болады. Ал, қайтыс болғандардың көбі - ауруын асқындырып алғандар.

София Душумова, терапефт-дәрігер:

- Өткен жылы жатырдың қатерлі ісігі бойынша 222 әйел тексеруден өтті. Оның 2 пайызынан обырдың белгісі анықталды. Омырау безі бойынша 147 қыз-келіншектің 2 пайызынан рак тіркелді. Бастысы - барлығы аурудың бастапқы сатысында келді. Яғни, олардың дертінен толық айығуларына мүмкіндік бар.

Скрининг жылда жүрек аурулары мен қант диабеті, жатыр, омырау безі және тік ішектегі қатерлі ісікті анықтау бойынша жүргізіледі.

Дегенмен, дәрігерлердің дабылына құлақ аспайтын тұрғындар да бар. Көбі жұмыстарын сылтауратып, келе алмайтындарын айтады екен. Ал, оның себебін емханадағы кезектің көптігімен, оны күтіп оытыратын уақыттың жоқтығымен түсіндіреді.

Алдағы уақытта медициналық тексерістен өтпегендерге айыппұл салынуы мүмкін. Мамандар өз денсаулығына немқұрайлы қарайтындарға шетелдік тәжірибеге сүйеніп, жазаламақшы.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Халықтың өз денсаулығына жауапкершілігін арттыру үшін Денсаулық туралы жаңа кодекске бірнеше тетіктер енгіздік. Ауруын асқындырып келген науқасты емдеу дәрігерге де қиын. Сол себепті тұрғындардың жоспарлы тексерулерден өтулерін талап етеміз. Егер тұрғындар өз уақытында медициналық мекемеге тіркелмесе, тексерістен өтпесе, екпеден бас тартса оларға әкімшілік жаза қолданамыз.

Қазір бұл ұсыныс талқыланып жатыр. Егер қолдау тапса, көп ұзамай заңға енеді. Дәрігерлер мүмкін сол кезде «ауырып ем іздегеннен, ауырмайтын жол іздеп» жүрген халықтың қарасы көбейер деген үмітте.

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу