Қазақстандықтар тегін емнен бас тартып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандықтар тегін емнен бас тартып жатыр

19.02.2019

Ауыр дертке шалдыққандар шипасын шетелден іздеуге асық. Алайда, кейбір кеселдің емі өзімізде де табылады. Мамандар осылай деп дабыл қағуда. Қазақ медицинасының ең биік жеткен шыңы - жүрек трансплантациясы. Бірақ емделушілер тарапынан оған да сенім аз. Бұған не себеп?

Әлеуметтік желілерде әлеуметтен көмек сұраған мұндай мазмұндағы хабарламалар жиі жарияланады. Көптігінен көз сүрінеді. Ауыр дертке шалдыққандар шетел асып ем қабылдаулары заңдылық. Алайда, отандық медицинаның қауқары жететін тұста өзгеге иек артатындар да бар. Айталық, адам ағзасының ең ардақтысы жүрек десек, сол жүректің ақауын біздің елде толық емдеуге болады. Кез келген түрін. Тіпті, әлемнің жетекші медициналық мекемелерінің бірде-бірі жасамаған күрделі операциялар бізде сәтті жүргізіліп жатыр. Бірақ емделушілер тарапынан күдік көп, сенім аз.

Махаббат Бекбосынова, «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

- Өкінішке қарай, мұндай фактілер бар. Жақында орталыққа жүрек ақауы бар бір қыз келді. Донор табылғанша оған жасанды аппарат қойып беруді ұсындық. Бірақ ол бас тартты. Кейін әлеуметтік желіден халықтан көмек сұрап, ақша жинап жатқанын естідік. Әрине, әркімнің өз еркі.

Емделушінің еркі өзінде, әрине. Дегенмен, шетелде ем қабылдауға қыруар қаржы кетеді. Мысалы, жүрекке жасанды аппарат қою біздің елде өз тұрғындары үшін тегін, ал өзге елде оның құны кемінде 40 млн. Трансплантация да осы. Жүрек алмастыру мемлекет есебінен жүргізіледі. Басқа елде жасатсаңыз, ең арзаны 51 млн теңге. 

Махаббат Бекбосынова, «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

- Операция жасап, балаңызды аман алып қаламыз деп уәдені үйіп-төгеді. Өкінішке қарай, ол кейін рас болмай шығады. Өйткені, шетелдің мүддесі нақты көмек көрсету емес, көздегендері - алдымен ақша. Әйтпесе, басқа елдегі ем-домдарды біз де істей аламыз ғой. Қазақстанда операция жасамауға екі себеп қана бар: біріншісі донор табылмаған жағдайда, екіншісі науқастың медициналық көрсеткіштері сай болмаса. 

31 жастағы Мақсатқа жақында кадиохирургиялық орталықта күрделі операция жасалды. Оған дәрігерлер өзгенің жүрегін салып берді. Бұл осымен Қазақстанда жасалған 74-ші трансплантация. Донор табылғанша жасанды аппаратпен жүрді, 5,5 жыл бойы күтті.

Мақсат Дуржанов, Түркістан облысының тұрғыны:

- Трансплантациядан кейінгі дәрілерім миллион тұрады, 500 мың, 800 мың тұрады. Бәрін мемлекет тегін беріп жатыр.

Расымен, біздің қоғамда өз мамандарымызға деген сенім жоқтың қасы. Өйткені кеудеңдегі жүректі ауыстырмақ түгілі, көлігіңнің темірін ауыстыртуға сенбейміз. Орнына өзгенің қаңсығын өзімізге таңсық қылуға жақынбыз. Ендеше денеңдегі ауыр дертпен қатар, қоғамды дендеген осы дертпен де күрескен жөн шығар.

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу