Қазақстандық дәрігерлер құлаққа ота жасаудың жаңа тәсілдерін үйренді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық дәрігерлер құлаққа ота жасаудың жаңа тәсілдерін үйренді

15.02.2019

Әлемде әр мыңыншы адамның құлағы естімейді. Кейбірі үшін бұл туа біткен ауру болса, енді бірі өзге дертін асқындырғаннан осындай жағдайға тап болып жатады. Бұл ретте қазақстандық дәрігерлер шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасып, құлаққа ота жасаудың жаңа тәсілдерін үйренді.

Индира Нұрғалиеваны 14 жылдан бері құлақ ауруы мазалап келеді. Дәрігерлер «іріңді ортаңғы отит» диагнозын қойған. Алайда, осы уақытқа дейін алған емінен еш пайда болмапты. Бірнеше күн бұрын Президент іс басқармасы ауруханасында шетелдік мамандарға операция жасатты. «Енді есту қабілетім жақсарады», деп үміттеніп отыр.

Индира Нұрғалиева, емделуші:

- Мен бұл кісілерді Алладан берілген дәрігерлер деп есептеймін. Сондықтан емдері шипа болады деп сенемін. Операциядан кейін екінші күні өзімді жақсы сезіндім.

Бұл орталыққа әлемнің үздік отохирургтары шақырылып, жиі шеберлік сағаттарын өткізіп тұрады. Аты әлемге әйгілі профессор мәскеулік Диаб Хассан бір аптадан бері осында. Ол өз еңбегін құлақ операцияларына арнаған маман.

Хассан Диаб, Отоларингология ғылыми-клиникалық орталығы құлақ аурулары бөлімінің басшысы (Ресей):

- Жергілікті дәрігерлердің біліктілігі мен операция жасауда шеберліктерін жоғары бағалар едім. Бұл ауруханада ең қиын отаны өткізуге барлық жағдай жасалған, заманауи техника қойылған. Қазақстандық дәрігерлер тәжірибесін арттыра беру керек деп ойлаймын.

Президент іс басқармасы орталығы ауруханасында күніне құлаққа 5-6 операция жасалды. Науқастардың 90 пайызы 30 бен 60 жас аралығында. Олардың барылғы дерлік тегін операция жасатады.

Талапбек Әженов, ҚР Президенті іс басқармасы медициналық орталығы ауруханасы бірінші хирургия бөлімінің меңгерушісі:

- Құлақ ауруы өте күрделі болып келеді. Миға өте жақын. Құлақтағы іріңді процестер минингитке асқынуы мүмкін. Ол өмірге қауіпті. 

Дәрігерлер жастайынан денсаулыққа мән беру арқылы күрделі операциялардың алдын алуға шақырады.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу