Қызылорда облысы бойынша 200-ге жуық бала қатерлі дертке шалдыққан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысы бойынша 200-ге жуық бала қатерлі дертке шалдыққан

27.12.2018

Қызылорда облысы бойынша 200-ге жуық бала қатерлі дертке шалдыққан. Науқас балалардың саны өткен жылға қарағанда екі пайызға көбейді, дейді мамандар. Әсіресе, қан аурулары жеткіншектер арасында жиі кездеседі. Дегенмен, қазір медицинаның  мүмкіндігі мол. Сондықтан, өмір үшін күрескен балғындар жаман ауруды жеңу үшін барын салуда. 

Қатерлі дерттің ауыр түріне шалдыққан Інжу қазір паллиативті палатада ем алып жатыр. «Жағдайы бірқалыпты», дейді дәрігерлер. Ал, Ерасыл 4 жылдан бері  жаман аурумен күресіп келеді. Биыл 10 ға толды. 

Сүлеймен Балымбетов, Ерасылдың әкесі:

Бәрі жақсы болады деп үміттенеміз. Жақсы қазір балам. Диагнозымыз- қауіпті лейкоз. Дәрі қабылдап жатырмыз.

Інжу, Ерасыл секілді қазір мұнда 20 бала емделіп жатыр. Әрқайсысының дерті әр түрлі. Дәрігерлердің айтуынша, лейкоз ауруының көрсеткіші төмендегенмен, қатерлі ісік  азаймай тұр.

Гауһар Асанова, онколог-гематолог:

Қатерлі ісіктер былтырғыға қарағанда 1,5-2 пайызға өсіп отыр. Былтыр 72 бала болса, биыл 79 бала қатерлі ісікпен ауырады. Оған қоса 52 бала лейкемия. 2-апластикалық анемия, сосын Гоше дертімен 2 ауру диспансерлік есепте тұр.

Бұған дейін өңірде мұндай науқас балғындарды емдейтін арнайы орын болған жоқ. Облыстық балалар ауруханасында былтыр ғана онкогематологиялық бөлімше ашылды. 

Зоя Көшенова, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері:

Бұрын біз анықтап алып, жоспарлы емге Алматыға жіберетінбіз. Қазір химия терапияға дейін өзімізде қабылдап жатыр. Дәрігерлердің кәсіби біліктілігінің жоғарылауынан өзіміздің аймақта осыны жасауға мүмкіндік туындап отыр.  Өз деңгейінде, заманауи тәсілдермен емделіп жатыр.

Мереке жақындаған сайын балғындарға тарту-таралғы жасап, мерекелік көңіл күй сыйлауға тырысқан жандар баршылық. Өңірдегі ірі мұнай компаниялары балаларға базарлық таратса, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары  мерекелік көңіл күй сыйлады.

Сауалнама

 - Міне, мен сыйлық алдым. Шоколад алдым, ойыншық алдым. Бұл жақ өте әдемі екен, шыршалар бар, медбикелер де өте әдемі. Мен қысты асыға күтемін, өйткені, бұл кезде аққала жасап ойнаймыз, қар атысып ойнаймыз. Тезірек жазылып кету - ендігі менің арманым.

- Біз қазір ауырып, көңіл күйіміз түсіп жатса да, осы кісілер келіп, көңіл күйімізді біраз көтеріп тастады. Осы жаңа жылда балалар жазылып кетсе деп тілеймін.

Жұдырықтай жүрегімен алапат ауруға қарсы тұрған балғындардың, баласы үшін шарқ ұрған ата ананың да тілегі - осы. Жаңа жылдан жақсылық күтеді. 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу