Елімізде ерікті түрде донор болуға ниеттілердің қатары артып келеді. Алайда, қанның артық қоры тапшы. Өйткені, оны сақтау мерзімі өте аз. Сол себептен, мамандар қазақстандықтарды қан тапсыруға шақырады.
Астаналық Талғат Ахмединов кезекті рет көмекке мұқтаж жанға қолұшын созуға келді. Кімнің өмірін құтқаратынынан ол бейхабар. Білетіні, бір ғана осындай ізгі ісі арқылы бірнеше адамның үзілгелі жатқан үмітін жалғайды. 15 жылдан бері жүздеген науқастың дерттен айығуына тап осы азамат үлкен үлес қосып келеді.
Талғат Ахмединов, донор:
Мен өзім мектепте істеймін. Аз қамтылған балаларды, жағдайлары қиын отбасыларды көріп, білген соң, келіп тапсыруға, көмектесуге әрқашан дайынмын.
Елімізде донор тапшылығы жоқ. Күніне жүздеген адам орталыққа келіп, қан тапсырады. Дегенмен, қанды сақтау мерзімі өте аз. «Сол себептен, бір реттік келіп-кететін емес, тұрақты қан донорлары аса қажет, - дейді мамандар.
Зәуреш Әлменова, трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының дәрігері:
Эритроцит құрамдас қызыл түйіршіктерін сақтау мерзімі - 35 күн. Тромбоцит - ол қанның ұюына көмектесетін жасушалар. Оны сақтау мерзімі өте аз. 5-7 күн. Сол себептен бізге тұрақты қан донорлары керек болып жатады.
Асима Нұрбайқызы, тілші:
Менен алынатын 450 грамм қан кемінде 3 адамның өміріне араша болады екен. Өйткені, қазір Жер шарының әрбір үшінші тұрғыны донор қанына мұқтаж. Ал, біздегі Астана қаласының өзінде күніне 100-ге жуық адамға осындай көмек қажет.
Әсіресе, қатерлі ісік, бауыр ауруы, күйік шалғандар мен апатқа ұшырағандар және жаңа босанған әйелдер донорға зәру. Көбісінің өмірін қан құю арқылы ғана аман алып қалуға болады. Демек, қан тапсыруға жасалған қадам – өмір мен өлім арасында жатқан жанды құтқаруға бағытталған қадам болмақ.
Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.