Астанада қызылша вирусты инфекциясы қайта тарала бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада қызылша вирусты инфекциясы қайта тарала бастады

20.11.2018

Жұқпалы аурудың бұл түріне негізінен екпе алмаған балалар шалдығып жатыр екен. Бұл жөнінде бүгін Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары мәлімдеді. Аурудың алдын алумен айналысып жатқан мамандардың сөзіне қарағанда, қатты алаңдап, үрейленуге негіз жоқ. Дегенмен, ата-аналарға айтар кеңестері бар.

Мамандардың айтуынша, қызылша вирусты инфекциясы араға үш жыл салып қайта «тірілді». Мәселен, 2015 жылы жылдам тарайтын жұқпаға 400-ге тарта сәби шалдығыпты. Осы күні қалалық Балалар жұқпалы аурулар ауруханасында қызылшамен түскен нақты қанша бала бар екені белгісіз. Сұхбат берген меңгерушінің өзі «бұл жөнінде мәлімет бермейміз» деп қысқа қайырды. Дегенмен, ата-аналар қауымын үрейленбеуге шақырды.  

Жанар Бөкенова, қалалық Балалар жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі:

- Ешқандай қорқыныш болмауы керек. Баланың жағдайына қарай үйге дәрігер шақыртып, кеңесін алып, үй жағдайында ем қабылдауға болады. Өйткені, дене қызуы көтерілген баланың барлығына ауруханадан орын тауып беру мүмкін емес, тек ауыр жағдайдағы балалар ғана ауруханада ем қабылдай алады.

Денсаулық сақтау басқармасының басшылары қызылшаға шалдыққан балалардың 90 пайызы уақытылы екпе алмағандар деп отыр. Ата-аналар вакцинадан белсенді түрде бас тартып жатқанын да айтты. Мәселен, соңғы 10 айда 19 мың балаға екпе салыныпты. Алайда, әлі күнге қолданылмай, артылып тұрған дозаның саны 25 000 екен. 

Гауһар Шапатаева, қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Вакцинадан бас тарту соңғы кезде айтарлықтай көбейіп кетті. Өйткені, әртүрлі діни ағымдағы көзқарастар бар. Ата-аналар интернет желісіндегі әртүрлі алыпқашпа әңгімелерге сенеді. Сондықтан, вакцина алудан бас тартып отыр. Вакцинаны жоспарлы түрде алып отыруға шақырамыз.

Екпе 1 жастан 6 жасқа дейін салынады. Оның сапасына күмәндануға болмайды деп ескертеді мамандар. Себебі, мемлекеттік сараптама жасалып, сертификаттаудан өткен. Сондықтан, жұқпалы ауруларға қарсы салынатын екпені уақыты алуға кеңес береді. Қызылша бойынша арагідік жағдайлар болғанымен, эпидемия жоқ екенін жеткізді.

 

Ербол МӘНДІБЕК

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу