Қазақстанда қант диабетіне шалдыққан 327 мыңдай науқас бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда қант диабетіне шалдыққан 327 мыңдай науқас бар

15.11.2018

Оның 2,5 мыңы бала. Олар күнделікті инсулинге тәуелді. Бұл орайда, Денсаулық сақтау министрлігінің істеп жатқан жұмысы да аз емес. Оларға керекті дәрі-дәрмекті уақытында жеткізіп, барлығын тегін қамтамасыз етіп отыр. Бұдан басқа медициналық мекемелерде дәрігерлер аталмыш дерттен аулақ болудың жолдарын айтып береді. Сондай шара бүгін «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығында ұйымдастырылды. Орталық дәрігерлері пациенттерге «Диабет деген не?», «Қант диабеті кезіндегі тамақтану туралы», «Жасөспірім жастағы психология және диабет» тақырыптарында дәріс оқиды. Шара Бүкіләлемдік диабетпен күрес күніне орай өтті. 

Екі жасар Батырдың қант диабетімен ауыратыны өткен жылы дәл осы уақытта анықталған. Сәбиінің денсаулығындағы күрт өзгерісті байқаған анасы бірден дәрігерге жүгінеді. Қан сараптамасы балғынның қанындағы қант құрамының шамадан тыс артып кеткенін көрсетіпті.

Мейрамгүл Ерболова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

- Ұйқысы шала болып жүрді. Тамақты көп ішетінді шығарды. Көп су сұрады, бермесем жылайтын. Дәретке көп сұранады. Күннен-күнге нашарлап бара жатты. Көңіліме ұнамады.

Мейрамгүл сияқты баласының өзгерісін тез аңғарып уақытында келетін аналар аз. Көбі ауруын асқындырып алады. Бұл дәрігерлерге екі есе жүк. Десе де, ауыр халде түскен науқастардың аяғына тік тұрып кету үшін мамандар қолдан келгенін аянбай жасап жатыр. Балаларға күніне 3-4 рет салынатын инені инсулиндік помпа алмастырды. Елімізде мыңнан аса науқас бала осы құрылғымен ем алады.

Гүлжан Аманбай, эндокринолог:

- Министрлік балаларға инсулиндік помпаны тегін бере бастады. Ерекшелігі, ол өмір сапасын жақсартады. Балалар күнделікті 3-4 рет ине алмайды. 1-2 жастағы балаларға аз дозадағы инсулин беру керек. Сол жағдайда бізге помпа көмектеседі.  

Дертті асқындырып жіберсе, ауру үстіне ауру жамап алуы мүмкін. Қант диабетіне шалдыққан 6 мың адамның көзі көрмейді, үш мың науқастың жүрегі әлсіз. Мың адамның кейбір мүшелері оталған.  

Құралай Шұғайыпова, эндокринолог:

- Бірінші типке қарағанда екінші типтегі диабетте асқынулар көбірек болады. Ампутация ересек адамдарда кездеседі. Қант деңгейі жоғары болғандықтан, бала өзі күтінбегендіктен, адамдар зағип болады.

Мамандардың айтуынша, бұл дерт көбіне жүре пайда болады. Бұған тәтті мен майлы тамақтарды шамадан тыс қолдану себеп. Шет мемлекеттерде аталмыш ауруды тудыратын осындай азық-түліктердің бағасын көтеру арқылы қант диабетімен күресуді қолға алған. Ал, бізде скрининг бағдарламасы бар. Тексерістің арқасында бойында дерті бар науқастар ерте анықталып жатыр. 

Сәуле Алдамұратқызы, тілші:

Кез келген адамның бойында қант диабеті болуы мүмкін. Сол себепті, емханаға барып скрининг, тексеруден міндетті түрде өту керек.

Бұдан бөлек, күнделікті дастарханыңызға мән беріңіз. Ауру астан дегенді ұмытпай, саламатты өмір салтын ұстанғаныңыз абзал.

 

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу