Алматыда балабақша меңгерушісі туберкулезбен ауырған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда балабақша меңгерушісі туберкулезбен ауырған

26.10.2018

Алматыда балабақша меңгерушісінен туберкулездің ашық түрі анықталды. 144-ші бөбекжайдың ата-аналарына бұл туралы кеше хабарланған. Бірақ, балабақша бүгін әдеттегідей жұмыс істеп тұр. Ал, бүлдіршіндерінің денсаулығына алаңдаған ата-аналар мекемені уақытша жауып, қызметкерлер мен балаларды медициналық тексеруден өткізуді талап етіп отыр.

144-ші балабақшаға бүлдіршіндерін әкелетін ата-аналарда бүгін маза жоқ. Өйткені, меңгерушіден туберкулез табылса да, балабақша қазір тұрақты түрде жұмыс істеп жатыр. Ал, тәрбиешілер есіктерін ішінен тарс жауып алған. Ешкімге ашпайды. Әзірге меңгерушінің қай уақыттан бері ауырғаны нақты белгісіз. Ал, ата-аналар мұндай жағдайды жазда да байқағанын айтады.

Қоғамдық денсаулықты қорғау департаменті мамандарының айтуынша, бұл меңгеруші медициналық тексеруден соңғы рет сәуір айында өткен. Ол кезде барлық көрсеткіштері жақсы болған. Ал, оның бойында жұқпалы аурудың бар екені 19-шы қазан күні анықталған.

Дастан Қайратұлы, Әуезов ауданы әкімінің орынбасары:

Ол осындай деркте шалдыққанын бізге өткен аптада айтты. Сол күні өтініш жазып, жұмыстан босатылды. Қазір жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мамандардың айтуынша, меңгеруші қазір тиісті медициналық ем алып жатыр. Ал, балабақшада бүгін дезинфекциялау жұмыстары басталды. 142 бала мен 21 қызметкер толықтай тексеруден өткізілетін болды. Ал, қоғамдық денсаулықты қорғау департаментінің шешімі бойынша бөбекжай ары қарай жұмысын жалғастыра береді.

 

Аманкелді СЕЙТХАН

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

Хабарламаларға жазылу