Елімізде ішкі ағзалардың доноры тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде ішкі ағзалардың доноры тапшы

21.09.2018

Елімізде 2000-ға жуық адам бауыр, бүйрек, жүрек, өкпе сияқты ағзаларын ауыстыра алмай отыр. Себебі, ішкі органдардың доноры тапшы. Алматыда өткен хирургтардың 25-ші халықаралық конгресінде мамандар осыны айтып, дабыл қақты.  

Екі күндік жиында Жапония, Оңтүстік Корея, Үндістан және ТМД елдерінен келген шетелдік және отандық хирургтар донорға қатысты өзекті мәселелерді кеңінен талқылады. 

Жалпы, дүниежүзінде жыл сайын 8000 адам бауырын ауыстырады. Алайда, мұндай операциялар уақыт өткен сайын көбеймесе, азаймай тұр. Қазір Қазақстанда 1700 адам ішкі орган донорына зәру. Тіпті, ағзасын ауыстырамын, деп тіркелген науқастар донордың жоқтығынан, қатерлі аурудан айықпаған күйі көз жұмады. Ең қиыны, бауыр обыры балаларда да жиі кездеседі. «Бұған көбінесе өт жолының бітеліп қалуы себеп», -дейді мамандар. 

Жақсылық Досқалиев, Ұлттық трансплантология орталығының  директоры:

- Бүгінгі таңда 1700 -дей адамға бауыр ауыстыру қажет. Бірақ өкінішке орай, олардың барлығына да жасай алмаймыз. Жылына  асып кеткенде 150 адамға бауыр ауыстырылады. Соның ішінде мәйіттен де және тірі донорданда аламыз. Өйткені, донор тапшы, жетіспейді.

Алмат ӘБДІРАМАН    

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу