Елімізде 1 қазанда тұмауға қарсы екпе басталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде 1 қазанда тұмауға қарсы екпе басталады

20.09.2018

Елімізде 1 қазаннан бастап тұмауға қарсы екпе басталады. Себебі, бұл уақыт тұмау вирустарының көп таралатын кезеңі. Сондықтан, қазір 1 жарым миллионнан аса вакцина емханаларға жеткізілген. Олар медицина қызметкерлері, денсаулығына байланысты тізімде тұрған балалар мен ересектер және жүкті әйелдерге тегін егіледі. Ал, қалған азаматтар 1500 тг. мен 3500 тг. көлеміндегі вакциналарды өз таңдауымен ақылы түрде салғыза алады.

Мамандар биыл тұмауға қарсы екпеге қатты мән беріп жатыр. Өйткені, вирустардың айналымдық тобындағы ең қауіпті түрі яғни, болжам бойынша дүниежүзінде биыл Мичиган, Колорада, Сингапур штамдары таралуы мүмкін.

Айзат Молдақасымова, қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы:

- Бүгінгі күнде 3 штам келе жатыр деп ойлаймыз. Оның ішінде Сингапур штамының симптомдары көбірек. Бүгінгі күнде Алматыда 39 мекеме екпе егуге дайын. Ал, жеті жеке клиника өздерінің екі түрлі вакцинасын егуге дайын.

Дәрігерлердің сөзінше, екпе салғызған абзал. Тек уақыттан кешігуге болмайды. Өйткені, вакцина организмге еніп, ауруға қарсы иммунитетті күшейткенше кемінде екі апта кетеді. Ал, екпеден кейін алғашқы күндері күтіну керек.

Айнагүл Қуатбаева, Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының бөлім басшысы:

- Халық осы вакцинаға көбірек жүгінетін болса, респираторлық вирустардың циркулzциясы халық арасында төмендеуіне көбірек әсер етеді. Көп жағдайда кейбір балаларға немесе ересек азаматтарға, оның ішінде жұмыртқаның ақуызына аллергиясы болған жағдайда вакцинацияны ала алмайтын жағдайлар болады.

Қазір елімізде тұмауға қарсы екпе міндетті емес. «Бірақ, жыл сайын вакцина салдыратындардың саны артып келеді», - дейді мамандар. Мысалы, екі жыл бұрын 1 млн. 900 мың адам егілсе, былтыр 2 млн. 200 мың адам вакцина қабылдаған.

 

Аманкелді СЕЙТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу