Келер жылы денсаулық саласы толығымен электронды жүйеге өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Келер жылы денсаулық саласы толығымен электронды жүйеге өтеді

18.09.2018

Келер жылдан бастап еліміздегі медициналық қызметтер толықтай электронды жүйе арқылы көрсетіледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Олжас Әбішев айтты. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынған бастама кезең-кезеңмен жүргізіледі. Алғашқы пилоттық жоба осы жылдың басында Ақмола, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында енгізілген еді. Жалпы, 3 кезең бойынша 700-ге жуық медициналық мекеме бағдарламаға енеді.  Қазір қала мен аудан орталықтарында жұмыстардың 96,7 пайызы аяқталды. Жыл соңына дейін көрсеткіш 100 пайызға жетеді. «Цифрландырудан үнемделген ақша дәрігерлердің айлығын көтеруге жұмсалады», - дейді вице министр.

Олжас Әбішев, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:

- Жыл басынан бері Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы бойынша құжаттардың қағазсыз айналымы негізінде жобаларды бастап кеттік. Бастапқы уақытта бұл пилотты жоба болғанымен, 1 шілдеден бастап барлық өңірлер жобаны жұмыс барысында енгізіп үлгерді. Медициналық-ақпараттық жүйелерді енгізген медициналық ұйымдар бүгінгі таңда қағаз түрінде жазбаны толтырмай-ақ қоюларына болады. Әлбетте, өңірлерді аралап, дәрігерлердің цифрландыру турасында ой-пайымдарын тыңдап жүремін. Бастапқыда қағазсыз жұмысқа ақ халаттылар бой үйрете алмағанымен, қағаз айналымнан бас тарту біршама үнемге мүмкіндік беретіндіктен, әрбір медициналық ұйымдар қағаз айналымнан ай сайын 13-14 миллион теңгеге дейін үнемдеп отыр. Біз осы үнемделген қаражатты дәрігерлердің айлықтары қорына аударуды ұсындық.

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу