1 қазаннан бастап тұмауға қарсы екпе шаралары жүргізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

1 қазаннан бастап тұмауға қарсы екпе шаралары жүргізіледі

14.09.2018

Қазақстанда 1 қазаннан бастап тұмауға қарсы екпе шаралары жүргізіледі. Өйткені, бұл аурудың эпидемиологиялық маусымы келер айда басталып, мамырға дейін созылады. Бұл туралы бүгін еліміздің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді. Оның сөзінше, жыл сайын елімізде 500 мыңнан 1 миллионға дейін тұмау мен жіті респираторлық вирустық инфекцияларды жұқтырған жағдай тіркеледі. Былтыр дерттің алдын алу шараларының нәтижесінде 530 мың жағдай байқалған.

Жандарбек Бекшин, ҚР Бас санитарлық дәрігері:

- Биыл тиісті талдау жұмыстарын жүргіздік. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша 2018-2019 жылдардағы эпидмаусымына жаңа вакцина жеткізілді. Бұл ресейлік «Гриппол+» вакцинасы құрамында тұмаудың үш типі бар. Атап айтқанда, үш штамм арасында А (H1N1) - Мичиган, А (H3N2) - Сингапур, В - Колорадо қамтылған. Осы түрлері ең қауіпті деп саналады, оның ішінде Сингапур жаңа тип болғандықтан тұмаудың бұл түріне иммунитет кеңінен қалыптаса қойған жоқ.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, жыл сайын қазақстандықтардың 10 пайызы ғана тұмауға қарсы екпе салдырады. Биыл бюджет қаражатынан 1 млрд. 200 млн. теңгеге вакцина сатып алынған. Жалпы, әр адам тұмауға қарсы вакцинаны қалауы бойынша ақылы түрде алады. Оның құны 1600 теңгеден бастап 3500 теңге аралығында. Айта кетейік, вакцина егілгеннен кейін 14 күннен соң күшіне енеді. Ал, оның қорғаныш белсенділігі 6-дан 12 айға дейін созылады.

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.    

Хабарламаларға жазылу