Отандық дәрігерлер Корея мамандарымен тәжірибе алмасу курстарынан өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық дәрігерлер Корея мамандарымен тәжірибе алмасу курстарынан өтуде

29.08.2018

Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында медициналық әріптестік артып келеді. Отандық дәрігерлер әлемдік медицинада алдыңғы қатарда тұрған Корея мамандарымен тәжірибе алмасу курстарынан өтіп жатыр. Ал, кореялық дәрігерлер бас миының жұмсақ тіндерінде пайда болған жарақаттар мен ми поликистозына шалдыққан балаларды тегін емдеуде. Қазір Пусан ұлттық университеті ауруханасында осындай диагнозбен ақтөбелік бүлдіршін ем қабылдап жатыр.

Ислам - Гүлдана Ұлмағанбетованың екінші перзенті. Оның белінде туа бітті жарық бар. Өздігінен қозғала алмайды. Балаға Ақтөбедегі медициналық орталықта операция жасалған. Алайда, одан кейін бүлдіршінде ми поликистозы пайда болған. Бұл дертке елімізде дауа табылмаған соң, екінші операция Кореяның Пусан қаласында өтті.

Гүлдана Ұлмағанбетова, Исламның анасы:

- Алғысым шексіз. Осы операцияның сәтті өткеніне қуаныштымын. Көмектесіп жатқан адамдардың бәріне рахметімді айтамын.

2 жасқа толмаған сәбиді емдеуге «Аяла» қайырымдылық қоры үлкен үлес қосты. Себебі, олар жыл сайын Кореядан білікті дәрігерлер шақырып, ауыр науқасқа шалдыққан балаларға тегін консультациялар ұйымдастырады. Биыл да сол дәстүрге сай елімізге келген мамандар 100 баланы тексеріп, диагнозы ең ауыр Ислам Равильді емдеу туралы шешім қабылдады. Қазақстандық дәрігерлер де Исламмен бірге Кореяға барып, күрделі операцияны меңгерді.

Сослан Өтегенов, Ақтөбе қаласы медициналық орталығының балалар нейрохирургы:

- 21 тамыз күні Пусан Ұлттық Университеті ауруханасында балаға операция жасалды. Бақытымызға орай, сәтті өтті. Себебі, Исламда тек поликистоз диагнозы ғана емес, бүкіл ағзасынан ауытқушылықтарды байқадық. Ал, оның осы жердегі емі аяқталған соң, қал-жағдайын өзіміз бақылаймыз.

Ли Чже Иль, Пусан ұлттық университеті ауруханасының нейрохирургы:

- Баланың диагнозы күрделі гидроэнцефалопатия. Оған туған жері Ақтөбеде бірінші операция жасалған. Алайда, операциядан кейін инфекция түсіп, ауру асқынып кеткен. Оның алдын алу мақсатында қайтадан операция жасадық. Қазір бас сүйегінің ішінде кішкентай түтікшелер бар. Бүлдіршінге аса жоғары дәрежедегі күтім мен жақсы көңіл-күй қажет.

Пусан ұлттық университеті ауруханасының басты ерекшелігі - барлық заманауи құрылғылармен қамтамасыз етілген. Кореялық дәрігерлер операцияның кез келген түрін жасайды. Әрі бұл медициналық мекеме Пусан өңіріндегі ең үздік аурухананың бірі.

Ли Чжон-Гю, Пусан Мемлекеттік университеті ауруханасының басшысы:

- Біз қазақстандық қормен осымен 3 жыл сенімді серіктес ретінде жұмыс істеп келеміз. Алдыңғы жылдары тегін консультацияларды Алматы мен Алматы облысында өткізген едік. Ал, биыл жолымыз Ақтөбеге түсті.

Қазір науқастың жағдайы айтарлықтай өзгерді. Мазасыздануы азайып, көңіл-күйі көтерілді. Ал, мамандардың пікірінше, мұндай аурулар әйелдердің жүкті кездерінде күтінбеуінен туындайды.

 

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу