Талдықорғанда алғаш рет жүрек қалқаншасының туа біткен ақауын жабық әдіспен бітеу операциясы жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талдықорғанда алғаш рет жүрек қалқаншасының туа біткен ақауын жабық әдіспен бітеу операциясы жасалды

24.08.2018

Бұған дейін өңірде мұндай күрделі операциялар ашық түрде орындалып келген. Жаңа тәсілдің басты артықшылығы - қауіп тәуекелі азайып, әрі уақыт үнемделеді. Ота сәтті жасалған жағдайда науқас тез арада оңалып кетеді.

Арнайы түтікше арқылы жүрек қалқаншасындағы саңылауды жаңаша тәсілмен  жабу әдісін отандық кардиологтар бірінші рет 2005 жылы Алматыда жасаған. Машықтанып алған мамандар енді өңірдегі әріптестерімен тәжірибе бөлісуде. Талдықорғандағы облыстық кардиология орталығында жаңа әдіс екі науқасқа қолданылды.

Азиз Онласынов, рентгенохирург: 

- Операция 20 минуттан бір сағатқа дейін жалғасуы мүмкін. Кейбір жағдайда аяғы ауыр әйел адамдарға да жасауға болатын операциялар.

Облыстық кардиология орталығында бір жылда жүрек және қан-тамыры ауруларына шалдыққан 3 мыңдай адам ем-дом алады. Мамандар дерттің жасарып келе жатқанын айтып, дабыл қағуда. Сырқаттың алдын алудың ұтымды жолы уақытылы тексеріліп тұру.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

- Бүгінгі таңда дертті дер кезінде анықтау арқылы көптеген қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік бар. Мына велоэргометр арқылы жүректің ишимиялық ауру белгілерін білуге болады. Қазіргі таңда дәл осындай аппараттар Алматы облысының барлық аудандарында орнатылған.

Велоэргометр көмегімен жүрек пен қан-тамырларының жұмысы бақыланады. Аппарат инфарктты болжауға мүмкіндік береді. Егер қауіп анықталса, бірден операция жасалады.

Рахымберді Сұлтанбеков, облыстық кардиология орталығының бас дәрігері:

- Жыл сайын 200-ден астам операция жасалады. Соның 20-25 проценті жүре біткен, туа біткен жүрек ақауларына жасалатын операция.

Орталық жыл сайын материалдық-техникалық базасын нығайтып келеді. Ал, бұл күрделі операцияларды көпке созбай жасау үшін маңызды. Жергілікті дәрігерлер тіпті жүрек алмастыруды да үйренбек ниетте.  

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу