СҚО-дағы Архангелка ауылына бруцеллезге байланысты карантин енгізілуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-дағы Архангелка ауылына бруцеллезге байланысты карантин енгізілуі мүмкін

18.07.2018

Теріскейдегі Архангелка ауылында бруцеллезге қарсы республикалық жасақ жұмыс істеп жатыр.  Жақында елді мекенге карантин енгізілуі мүмкін. «Ол үшін тиісті құжаттардың бәрі жергілікті құзырлы органға өткізілді», - дейді ауылдық округ әкімі Ирина Рыбакова. Архангелкада жыл басынан бері барлығы 26 ірі қара аталған дертке шалдыққан. Тұрғындардың айтуынша, ауылдың малы бруцеллезді жергілікті шаруашылықтан жұқтырған. Шаршылықтың былтыр сатып алған 200 бас асыл тұқымды ірі қарасы ауру болып шыққан көрінеді. Бүгінде малдың тек 60 басы ғана қалып, кәсіпорын карантинге жабылған. Ал, ауыл тұрғыны Тоғжан Жарқынбаеваның айтуынша, таяуда күйеуі де дерт жұқтырып, аурухана төсегіне таңылыпты. 

Тоғжан Жарқынбаева, Архангелка ауылының тұрғыны:

- Көктем шыққанда малдарымыз ауру болып шықты. Одан кейін анализ тапсырып, тексеріліп жүрдік. Қазір күйеуім де бруцеллезбен ауырып жатыр. 

Есмағзам Құдасов, Қызылжар аудандық ветеринарлық станциясының директоры:

- Бұл ауылда індетке қарсы республикалық жасақ жұмыс істеп жатыр. Олар 21 күн сайын малдың қанын сараптамаға жібереді. Малдың қанында дерттің белгілері әлі де бар. Егер бруцеллез екі рет қатарынан анықталмаса, онда аурудың беті қайтты деген сөз. Біз осылай ғана дерттің көзін жоя аламыз.

 

Самат САПАРАЛЫ

 

 

Хабарламаларға жазылу