ОҚО-да емханалар 100 пайыз сандық жүйеге көшті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОҚО-да емханалар 100 пайыз сандық жүйеге көшті

12.06.2018

Оңтүстік Қазақстан облысындағы емдеу мекемелерінің 100 пайызға жуығы электронды жүйе бойынша жұмыс істеуге көшті. Бүгінгі таңда ауруханалар мен емханаларда дәрігерді үйге шақырту, оның қарауына жазылу, науқастың сараптама қорытындыларын зертханаға жолдау және еңбекке жарамсыздық парақшасын беру автоматты түрде атқарылады. Соның нәтижесінде өңір дәрігерлері қағазбасталықтан арылды. Есесіне емдеу ісінің сапасы жақсарып келеді.

Кешенді медициналық ақпараттандыру жүйесіне көшкен емдеу орындарының бірі - Түркістан қалалық орталық емханасы. Сандық технологияның арқасында бұған дейін қағазға жазылатын 30-ға жуық есептік құжат қажетсіз болып қалды. Әр науқасқа электронды денсаулық төлқұжаты жасақталды. Бұл олардың қандай сырқатқа шалдыққаны, нендей ем қабылдағаны, медицналық сараптама қорытындылары жайлы алдын ала біліп отыруға мүмкіндік берді.

Бейбіт Төреханов, Түркістан қаласы орталық емханасының бас дәрігері:

- Қазіргі таңда бізге бекітілген тұрғындарымыздың 99,8 пайызының денсаулық төлқұжатын енгіздік. Сонымен қатар, барлық тұрғындардың әлеуметтік мәртебесі анықталған.

Жаңа жүйе дәрігерлермен қоса, тұрғындарға да қолайлы. Медициналық бірқатар қызметтер SOS батырмасы, веб-браузер және де мобильдік бағдарламалар арқылы қолжетімді бола түсті.

Сәлима Мыңбатырова, облыс тұрғыны:

- Осы жүйеге өткелі  бері жақсы болды. Келіп талон аламыз да, кезек күтпей-ақ өзіміздің дәрігерге  барып қарала береміз. Анализдерді уақытылы тапсырамыз. Аппараттардың барлығы бар.

Қазір өңірдегі ауруханалар мен емханалардың 78 пайызы компьютерлік техникамен жабдықталған. Қалған емдеу орындарын толығымен электоронды құралдармен қамтамасыз ету үшін биыл қазынадан 1 млрд. 900 миллион теңге бөлінді.

Мұқан Егізбаев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу процедуралары жүріп жатыр. Соның нәтижесінде 8,5 мың компьютер сатып алынып, облыстағы барлық мекмелер 100 пайыз компьютермен қамтамасыз етіледі. 

Осылайша, өңірдегі 69 емдеу орны ақпараттандыру жүйесіне толығымен өтті. Олар «Дәрігердің жеке кабинеті», «Тіркеу орны» модулімен жабдықталды.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу