Жедел жәрдем қызметіндегі жаңашылдықтар жемісін беруде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жедел жәрдем қызметіндегі жаңашылдықтар жемісін беруде

05.06.2018

Мамыр айының басынан бастап көліктердің түсі мен жолда жүру тәртібіне өзгерістер енгізілген. Дабылын қосып, қала көшелерін шулатқан сәттеріне тұрғындар наразылық та білдіріп жатты.

Қазіргі талап бойынша жағдайы ауыр науқастарға медициналық көмек 10 минуттың ішінде жетуі керек. Астаналық дәрігерлер бұл уақытты 7-8 минутқа дейін қысқартқан. Әсіресе, дабыл қосқаннан кейін жедел жәрдемнің жылдамдығы тұрғындардың көңілінен шыға бастаған.

Рахым Смаилов, жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі:

- Бұрынғы автокөліктерге қарағанда, қазіргі жаңа көліктермен уақытынан ерте жететін болдық.

Талап бойынша дабыл таңғы 8-ден кешкі 23:00-ге дейін қосылады. Ал, түнгі уақытта тек жарығын қосып жүреді.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

- Бұл ескі стандарттағы көлік. Түсі ақ. Оның жүргізушілеріне дабылды тек ауыр жағдайдағы науқастарға барған кезде ғана қосуға рұқсат болған. Ал, жаңа стандарттағы көліктердің түсі сары. Ол әсіресе, қарлы, боранды, тұманды ауа райында қолайлы. Ал, қызыл түсті жолағы шұғыл шақыртулармен жүретінін, ал, шаршылары ішінде адам тасымалданатынын көрсетеді.

Қазіргі уақытта қалалық станцияның иелігіндегі 101 көліктің 10-ы сары түске боялған. Өзгесі жыл соңына дейін жаңа стандартқа сәйкестендірілмек.

Тимур Мұратов, қалалық Жедел жәрдем станциясының бас дәрігері:

- Негізгі мақсатымыз - тезірек науқасқа жету.  Бұл көліктер алыстан көрінеді және танымал болып келеді. Осындай стандартқа көшу үшін Денсаулық сақтау министрлігі көп уақыт дамыған шетелдердің тәжірибесін тексерген болатын. 

Астана қаласындағы жедел жәрдем қызметіне күніне 2500 адам қоңырау шалады. Жолдағы кептеліс мәселесі шешілсе, дәрігерлердің келуін секунд санап күткен науқастарға қызмет бұдан да жылдам көрсетіледі.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу