2017 жылдағы отандық медицинаның жетістіктері - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2017 жылдағы отандық медицинаның жетістіктері

29.12.2017

Елімізде күніне 400 мың қазақстандық дәрігерге қаралады. Науқастар тәулігіне шамамен 20 мың рет жедел жәрдем қызметіне жүгінеді. Хирург мамандар бір күнде 2 мыңнан астам операция жасауға қауқарлы. Осының бәрі - отандық денсаулық сақтау саласында жүргізілген реформалардың нәтижесі. Медицинаның дамуы мен ондағы оң өзгерістердің көрінісі.

Қазақстанда жыл сайын 36 мың адам обыр ауруына шалдығады. Яғни, елімізде бірінші орында осы дерт тұр. Биыл Астанада  тұңғыш рет ядролық медицинаны пайдалана отырып, сүт безіндегі қатерлі ісікті жою бойынша операция жасалды. Отаны ресейлік мамандар мен отандық дәрігерлер бірлесе отырып іске асырды. Халықаралық деңгейде кеңінен қолданылатын тәжірибе енді елімізге де жетті.

Айгүл Садуақасова, ҚР ПІБ Медициналық орталығы диагностика бөлімінің меңгерушісі:

 - Ядролық медицина арқылы хирург зақым келген аймақты бірден анықтай алады. Президент істері басқармасы медициналық орталығы күніне 5-8 науқасты қабылдап,  осындай қызмет көрсете алады. Алайда, толықтай тиімді жұмыс істеу үшін республиканың барлық аймағынан ашу керек.

Елімізде жыл сайын 15 мың адамның жүрек-қан тамырларына стент қойылады. Бүгінге дейін құрылғының сырты дәрімен қапталған полимер металдан жасалған еді. Олар адам ағзасында өмір бойы қалады. Биыл германиялық кардиолог-дәрігерлер 4 науқастың тамырларына жаңа стент түрін қойды. Ол магний ерітіндісінен жасалған, 1 жыл ішінде өздігінен еріп, жойылып кетеді. Әлем бойынша мұндай операция тек 1 жарым мың адамға ғана жасалыпты. Медициналық жаңашылдық енді Қазақстанға да келіп отыр.

Вернер Хабербош, кардиолог: /Германия/

 - Германияда мұндай операция тек 60 адамға жасалды. Жаңашылдықтың әзірге еш баламасы жоқ.

Қазақстан -  жасанды жүрек орнату операциясын өткізген Франциядан кейінгі әлем бойынша екінші мемлекет. Биыл қазан айында Астанадағы Ұлттық кардиохирургия орталығында 60 жастағы ер адамға жасанды жүрек орнатылды. «Имплантация әзірге сынақ болғанымен, тәжірибенің болашағы бар», - дейді мамандар.

Осыдан 5 жыл бұрын шала туған нәрестелердің жартысын ғана аман алып қалу мүмкін болатын. Биыл бұл көрсеткіш 80 пайызға жетті. Соңғы жылдары заманауи технология мен білікті мамандардың арқасында өте төмен салмақпен мерзімінен бұрын дүниеге келетін сәбилердің де өмір сүру деңгейі артты.

Бүгінде елімізде 671 аурухана мен 2080 амбулаториялық-емхана жұмыс істеп тұр. Бұдан өзге, 171 жеке аурухана мен 979 амбулаторлық-емханада қазақстандықтарға медициналық көмек көрсетіп келеді. Жалпы, республикада180 мың медицина қызметкері бар. Олардың 58 мыңы - дәрігер.

Адам денсаулығы - қоғамның басты байлығы. Бұл сала үнемі мемлекеттің басты назарында. Сондықтан, бұл жетістіктер отандық медицинаның дамуы мен ондағы оң өзгерістердің көрінісі екені анық. 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

 

Хабарламаларға жазылу