Медицинаның ақпараттық жүйесі кеңеймек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Медицинаның ақпараттық жүйесі кеңеймек

29.12.2017

Емханалардағы кезек электронды жүргізіледі. Бұл бастаманы Петропавл №3 қалалық емхана қолға алып, емделушілерге қолайлы жағдай жасап отыр. Айта кету керек, аталмыш жүйені солтүстікқазақстандық жастар ойлап тапқан және келер жылы ол барлық емханаларға енгізілмек. Мамандардың айтуынша, қазір кезек жүйесі бір аптаға ғана белгіленген, алдағы уақытта оны бір айға дейін ұзарту көзделуде.

Самат Сапаралы, тілші:

 - Енді емханалардағы ұзын-сонар кезекке тұрудың қажеті жоқ. Бұл жерде солтүстікқазақстандықтар жасап шыққан тіркеу орны арқылы өзіңнің жеке ИИН-іңді теріп, дәрігерге қай уақытта, қай мезгілде кезекке тұратыныңды анықтауыңа мүмкіндік бар. Ол үшін белгіленген датаны дайындаймыз және де бос уақыттар арқылы өзімізге қажетті мезгілді таңдауымызға болады. Осылайша, терминал өзіңнің кезегіңді растайтын талон да береді.

Бақытгүл Дүйсекина 2 топтағы мүгедек. 70-ке жақындаған әжей денсаулығына байланысты емханаға аптасына бір келіп, кезек күтіп, дәрігердің қабылдауына кіреді. Алайда, бүгін электрондық кезек арқылы дәрігердің қабылдауына жазылып, белгіленген уақытта келетін болдым, - дейді.

Қалалық №3 емхана күніне 900-ге жуық тұрғынды қабылдап, тексеруден өткізеді. Сәйкесінше, емделушінің басым бөлігі таңертең келіп, уақытын кезек күтумен жоғалтады. Енді алдын ала жазылып, белгіленген күні дәрігер қабылдауына кіре алады. Қазірге дәрігерге жазылу 1 апта көлемін қамтыса, Жаңа жылдан бастап, жазылу мерзімі ұзартылмақ.

Әлия Тәшетова, №3 қалалық емхананың бас дәрігері:

 - Алдағы уақытта алдын ала жазылуды екі апта, бір айға созамыз және осы электронды тіркеу терминалында скринингке қай уақытта келу керек екенін, профилактикалық ем алуға қай уақытта келу керек екендігі әрі қарай жалғастырылатын болады.

Қазір электрондық кезек арнайы терминал арқылы жүзеге асырылса, алдағы уақытта бұл үрдіс мобильді қосымша арқылы жүзеге аспақ. Айта кету керек, өнертапқыштар осы күнге дейін «Анти инсульт» қосымшасын жасап шығып, науқастардың алдын ала дертті анықтауына мүмкіндік туғызған.

Антон Юсичев, «Profit» компаниясының директоры:

 - «Smart City» жобасы бойынша біз алдағы жылдың бірінші тоқсанында жаңа қосымшаны іске қосамыз. Ол арқылы кез келген адам үйінен шықпай-ақ, дәрігерге жазылып, оны мекен-жайына шақыра алады, сонымен қатар, онлайн кеңес алуға мүмкіндігі бар.

Теріскейлік жастар медициналық ақпараттық жүйені құруға 20 млн. теңгеге жуық қаражат жұмсаған, ал электрондық кезек жүйесі оның бір бөлігі ғана. Алдағы уақытта науқастардың тіркелуінен бастап, зертханалық сараптама нәтижелеріне дейінгі ақпаратты қамтитын жүйеге айналмақ.

Самат САПАРАЛЫ

Хабарламаларға жазылу