Пластикалық операцияға жүгінушілердің 60 пайызы жас қыздар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Пластикалық операцияға жүгінушілердің 60 пайызы жас қыздар

14.11.2017

Мұндай деректі еліміздегі тәжірибелі хирургтар келтіріп отыр. Арулардың бірі қабағын керсе, енді бірі бет терісін тартып әлек. Білікті дәрігердің айтуынша, осыдан он шақты жыл бұрын үлкендер қартаюға тосқауыл болу үшін бет-әлпетін түзететін. Ал, қазір көбіне жас қыздар табиғи келбетін кескілеуге дайын.

Динара қабағына қатпар салдырған. Операция ұзаққа созылмаған, екі сағат. Көздің ісігі қайтқанша тағы бір апта. Бірақ, нәтижесі ол күткендей әсер берген жоқ. Дәрігер «тағы бір ем-шарадан өткен жөн», - дейді.

Динара, қала тұрғыны:

- Қажет емес екен. Мен енді жасатпаймын. Қайта-қайта пышаққа түсу табиғи қалпымды бұзды. Қыздарға айтарым, ең дұрысы, жоламаңыздар.

Дененің кем-кетігін түзеуде пластикалық хирургияның мүмкіндігі зор. Егер тәжірибелі дәрігер кезіксе. Ал, сәтсіз операциядан опық жеп, бармағын тістеген жас арулардың өкініші мына хат-хабарламада тізіліп тұр. Өткен жылы Қарағанды мен Оралда сәтсіз операция салдарынан екі әйелдің көз жұмғаны елді дүрліктірді. Әлемдік әдемілік индустриясында да мұндай фактілер көп. 

Жыл сайын мыңға жуық қазақстандық ару қыруар қаржы жұмсап, жаратылысын жатсынып жүр. Елімізде  әсіресе, қабақ, мұрын, бет терісін тарту операциясы үлкен сұранысқа ие.

«Бота көз», «дүрдиген ерін», «қиылған қас», «пісте мұрын», «қушық бет». Қазіргі бьюти трендтер осы болып тұр. Тіпті, бетке жағылған бояудың да қадірі кетіп бара жатқандай.  Әйткенмен де әрлеушінің қателігін жууға болады. Ал, хирургтің  қолы қисық кетсе, орнына келтіру өте қиын.

Игорь Кугай, пластикалық хирург:

- Бұрын пластикалық операцияны үлкендер  жасару үшін, жас көріну үшін жасайтын. Ал, қазір келушілердің шамамен 60 пайызы жас қыздар. Олар Корея, Қытайға еліктеп, сәнге айналдырып алған.

«Кез келген хирург операциядан кейінгі жағдайға кепілдік бере алмайды», - дейді маман. Жасанды кескін көп дегенде 10 жыл ғана сақталады. Әлемдегі әр 5000 операцияның 1-еуі сәтсіз аяқталады. «Ал, жастардың мұндай тән сұлулығына жаппай жұмылуы жан жылулығының жетіспеушілігінен», - дейді, психолог мамандар.    

Камила Күзембаева, психолог:

- Сол үшін кішкентай күнінен бастап жақсы көру, жылы сөздер айту адамның өзіне сенімділік орнатады.

Ал, пластиканың реконструктивті түрі, яғни, туа біткен дене, бет кемістігі бар жандарға мемлекет тарапынан көмек беріледі. Арнайы орталық Алматыда ғана бар. Мұнда жылына 300-ге жуық операция жасалады.

Мұхаметкерім Қанат, А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми орталығының микрохирургы:

- Біздің орталық тегін жасайды. Егер бір ақаулары болса. Ал, эстетикалық операция ақылы жүргізіледі.

Ал, Нарқыздың ұстанымы өзгеше. Пластикалық ота түгілі, бетіне опа-далап жақпайды. Себебі, қазақы болмысын жоғалтқысы жоқ. 

Нарқыз Тамабай, студент:

- Қазақтың қыздары табиғатынан сұлу, көздері үлкен, қастары қиылған. Сол болмыстан таймау керек. Ең бастысы, адамның жаны сұлу болу керек деп ойлаймын.

Әлемді әдемілік билегенімен, әр ұлттың болмысы бөлек. Жасанды сұлулықтың жағымсыз соққысы қазақ қыздарын қуыршаққа айналдырмаса болғаны.

 

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу