Қан тамырларына заманауи стент қою бойынша тұңғыш операция жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қан тамырларына заманауи стент қою бойынша тұңғыш операция жасалды

19.10.2017

Әлемде жыл сайын  жүректің ишемиялық ауруынан 12 миллион адам қайтыс болады. Бұл дерт Қазақстанда да дендеп тұр. Науқастың өмірін сақтап қалудың бір жолы - жүрек қан тамырларына стент орнату. Астанаға осы стенттің жаңа түрін әкеліп, әріптестерімен тәжірибе бөліскен германиялық хирургтар төрт адамға операция жасады.  Елімізде жыл сайын 15 мың адамның жүрек қан тамырларына стент қойылады. Яғни, бұл арқылы тарылып қалған артерия тамырлары кеңейтіледі. Соның нәтижесінде жүректің қан айналысы қалпына келеді. Жалпы, бүгінгі күнге дейін науқастарға қойлып келген стенттердің сырты дәрімен қапталған полимер металдан жасалған еді. Олар адам ағзасында өмір бойы қалады. 

Бүгін германиялық кардиолог-дәрігерлер 4 науқастың тамырларына жаңа стент түрін қойды. Ол магний ерітіндісінен жасалған, 1 жыл ішінде өздігінен еріп, жойылып кетеді. Органикалық құрылғыны Швейцария ғалымдары ойлап тауып, өткен жылдан бастап қолдана бастаған. Әлем бойынша мұндай операция тек 1 жарым мың адамға ғана жасалыпты. Медициналық жаңашылдық енді Қазақстанға да келіп отыр.

Вернер Хабербош, кардиолог /Германия/:

 - Германияда мұндай операция әзірге тек 60 адамға жасалды. Жаңашылдықтың әзірге еш баламасы жоқ. Мен көп жылдан бері кардиохирургия саласында жұмыс істеймін. Байқағаным, полимер стент қойдырғандардың кейбірінде  қан ұйып қала беретін. 

Дәрігерлер кейбір жағдайларда металл стенттерден кейін қан тамырларының қайта тарылып немесе ісіп кететіндігін байқаған. Ал, жаңа құрылғының тағы бір артықшылығы - операция науқас үшін жеңілдеу болады.

Сергей Мусаев, ҚР Президенті іс басқармасы медициналық орталығының рентген-хирургі:

 - Мұндай операциялар инфаркт миокардінің алдын алу мақсатында жасалады. Осыған байланысты, адамның кенеттен қайтыс болу қатері азаяды. Бүгінгі операцияларды 50-ден асқан адамдарға жасадық. Алдағы уақытта осындай операцияға адамдар квота арқылы жазылса болады.

Квота болса тегін. Алайда, жеңілдік ала алмаған азаматтарға мұндай операция қымбаттау болуы мүмкін. Бағасы – 1 миллион 300 мың теңге.

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу