6 баланың анасы ауруханада көз жұмды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

6 баланың анасы ауруханада көз жұмды

09.10.2017

Дерті дендеп кеткендіктен, өткен аптада санитарлық авиациямен Алматыдан арнайы маман шақыртуға тура келген оңтүстікқазақстандық келіншекті аман алып қалу мүмкін болмады.  Жатырына жасалған операциядан соң, есін жия алмаған күйі ауруханада жан тапсырды. Ол осыдан бір апта бұрын Түркістан шаһарынан облыс орталығына жеткізілген болатын. Дәрігерлер келіншектің сары аурудың Б, Д, С түрлеріне, бауырдың зақымдалуы, сепсис және метродометрит сырқатына шалдыққанын анықтаған. Оны емдеу үшін жергілікті дәрігерлер Алматыдағы акушерлік Гинекология және перинатология ғылыми орталығы мамандарымен, Кардиология ғылыми зерттеу орталығымен және Сызғанов атындағы ұлттық хирургия орталығы дәрігерлерімен телебайланыс арқылы консультация жасады. Соған қарамастан, науқастың жағдайы күн санап нашарлай берді. Жасы енді ғана отызға келген марқұмның соңында алты перзенті қалды. Оның ең кенжесі әлі бір айға да толмаған.

Вячеслав Цай, Облыстық клиникалық ауруханасы жансақтау бөлімінің меңгерушісі:

- Соңғы үш күнде науқастың жағдайы тым ауырлап кетті. Осы күндері оның қасында Алматыдан шақыртылған Кардиология ғылыми зерттеу орталығының мамандары болды. Операциядан соң науқас есінен айырылды. Миында ісік пайда болды. Науқастың ағзасы бұл сырқаттарға қарсы тұра алмады.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу