Елімізде трансплантация 40 % азайған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде трансплантация 40 % азайған

29.06.2017

Мәселен, 2016 жылы 6 айдың ішінде 164 ағза ауыстыру операциясы орындалса, биыл дәл сондай мерзімге 98 ғана болып тұр. «Көрсеткіштің бұлай төмендеуіне бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған келеңсіз жаңалықтар себеп», - дейді дәрігерлер. Осылайша, олар журналистерден трансплантацияны барынша насихаттауды сұрады. Себебі, елімізде 3,5 мың адам ағзасын ауыстыруды күтіп жүр. Оның 100-ден астамы - бала.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы»  Қазақстан Республикасының Кодексіне сай, қазір кез келгеніміз донор бола аламыз. Яғни, қайтыс болғаннан кейін еш сұраусыз ағзамызды ала беруге болады. Алайда, қазақы қалыпқа сай дәрігерлер қаза болған адамның туыстарынан рұқсат сұрайды. Ал, олардың көбісі келісімін бермейді екен. Осындай қарама-қайшылықтар заң жүзінде жұмыс істеуге де мұрсат бермей отыр. Болашақта ағза ауыстыру мәселесіне жаңа өзгерістер енуі мүмкін. 

 

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу