Қазақстан мен Ресейдің медицина саласындағы ықпалдастығы нығайып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Ресейдің медицина саласындағы ықпалдастығы нығайып келеді

17.07.2014
Қазақстан мен Ресейдің медицина саласындағы ықпалдастығы нығайып келеді

Шекарадағы кедергілердің кемуі Қазақстан мен Ресей арасындағы медициналық ықпалдастықтың артуына себепкер болды. Дәрігерлер саладағы соңғы технология, тың тәсілдермен бөліссе, науқастар үшін медициналық қызметті таңдау мүмкіндігі туды.

Осыған байланысты, Орынбордағы көз микрохирургиясы клиникасы қазақстандықтарға көрсетілетін қызмет ауқымын арттырып келеді. 4 жыл бұрын мұнда жанарына операция жасатқан ел азаматтарының саны 3 мың болса, қазір екі есе ұлғайған.

«Көз микрохирургиясы» салааралық ғылыми-техникалық кешенінің Орынбор филиалы соңғы жылдары еліміздің медициналық мекемелерімен әріптестік қатынасты жандандырды. Ақтөбе және Орал қалаларында бөлімшелер ашып, көзге күрделі операциялар жасайды.

Әрі жергілікті кадрларды даярлауға жәрдемдесуде. Сондықтан болар, өздерін жақсы қырынан көрсете білген орынборлық мамандардың қызметіне жүгінетін қазақстандықтардың қатары артып келеді.

Владимир Канюков, клиника директоры (Орынбор): 

Кей кезде Қазақстаннан келетін науқастардың саны 60 пайызға дейін жетеді. Негізінен олар Орал, Ақтөбе, Атырау, Ақсай және Байқоңыр қалаларының тұрғындары. Біздің клиника жылына 16 мың операция жасауға қабілетті болса, соның жартысына жуығы Қазақстаннан.

Осылай шипа іздеп келгендердің бірі – Бекбол Жақанов. Баласының көзіне операция жасатуды көздеген азамат, мұндағы мамандардың біліктілігіне сеніп келгендігін айтады.

Бекбол Жақанов, Ақтөбе облысының тұрғыны:

Біз Ақтөбеден келдік, осында баламды тексертіп жатырмыз. Ол бұрын жас кезінде көзінен зақым алған еді. Бүкіл аппаратурадан қаратып өттік. Бәрі жақсы. Енді дәрігердің шешімін күтіп отырмыз.

Бүгінде елімізде бір миллионнан астам адам түрлі көз ауруларына шалдыққан болса, олардың 20 мыңы мүгедек. Қазақстаннан келіп қаралып жатқандардың  арасында су қараңғылық дертіне шалдығып, көзіне ақ түскендер көп,- дейді дәрігерлер.

Алексей Горбунов, медицина ғылымдары: 

Су қараңғы ауруына көбіне микроинвазивтік технологияны қолданамыз. Сондай- ақ, ем-шараның өзге де түрлері көп. Негізінен бұл тілік жасамай атқарылады. Біз пациенттердің ойынан шығуға тырысамыз. Сондықтан болар, жыл санап біздің көмекке жүгінгендер қатары көбейіп келеді.

Клиникада көзді емдеу мен диагностика жасауда қазіргі заманғы жаңа әдіс-тәсілдер қолданылады. Сондай-ақ, емдеумен қатар сауықтыру жұмыстары қоса жүреді. 

Рауан ДИӘЛИ

 

Хабарламаларға жазылу