Сал ауруына шалдыққан астаналық ағайынды сәбилерге көмек қажет! - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сал ауруына шалдыққан астаналық ағайынды сәбилерге көмек қажет!

16.07.2014
Сал ауруына шалдыққан астаналық ағайынды сәбилерге көмек қажет!

Сал ауруына шалдыққан сәбилерге көмек керек. 4 және 3 жастағы ағалы-іні Астанада тұрады. Тасбауыр әке ауыр дертке ұшыраған балғындарын тастап, кетіп қалған.

Бұл кадрларды көргенде сал ауруына шалдыққан баласы барлардың өзі Зухраны батыр дер. Себебі, бар қиыншылық  25 жастағы келіншектің мойнында.

Сал ауруына ұшыраған балғындар басында тіпті тамақтың өзін жұта алмаған. Қазір де бастарын көтере алмайды, қолдарына  ештеңе ұстай алмайды. Тек жатады.

Зухра Чорнекбаева, анасы:  

Далаға шығару да оңай емес, екі баланы. Шомылдыру қиын, отыра алмайды, бастарын көтере алмайды. Тамақ беру де оңай емес, біреуіне беріп жатсаң, біреуі жылайды, біреуі алдымда болса, біреуі жатады.  Екеуінің де ауыздарына салып үлгеремін.

Зухраның қазіргі көмекшісі - анасы. Күн санап өсіп келе жатқан балаларға кейде екеуінің де әлі келмейтін кездер болады. Еркін жеңілдеу, оны таза ауаға шығару аса қиын емес. Ал, салмағы ауыр Ерасыл далаға айына тек 1-2 рет қана шығады. 

Зулпаршын Чорнекбаева, балалардың әжесі: 

Ауылдан келіп, екі немереме қараймын. Ол жақта да немерелерім бар. Қызыма қиын. Әлі де соңы жақсы болар. Айтуға оңай ғой.

Сәуле Алдамұратқызы, тілші: 

Мүгедек балаларға арналған мына арбалардың құны арзан емес. Біреуі 100 мың теңге тұрады. Мұны Еркін мен Ерасылға қайырымды жандар сыйлапты. Айта кету керек, бұл екі балғынға көмектескен азаматтар атын атамауды сұрайды екен.

Бұл үйде табыс атымен жоқ. Екі балаға берілетін жәрдемақы  коммуналдық шығындарға кетеді. Азық-түлік пен киім-кешекті көбіне мешіт қызметкерлері жеткізіп береді.

 Осы кезге дейін біреудің жертөлесін паналап келген келіншекке өткен жылы әкімшілік кезектен тыс екі бөлмелі пәтер сыйлапты. Осыған ризашылық танытқан Зухраның өзін-өзі ұстауы ерекше. Кемтар балапандарының кемістігін айтып, езіліп отырған жоқ, керісінше оның бойынан  жігерінің жасымағанын байқайсыз. 

Зухра Чорнекбаева, балалардың анасы:    

Көбі өткіз, қиын ғой, жассың ғой дейді.  Мен ондайға бармаймын. Мен осы екеуін жеткізсем, бірге тамақ ішіп отырсақ, оның өзі қандай арман, қандай бақыт.

Көп түкірсе, көл. Көмектесемін, деген азаматтар үшін  байланыс телефондарын назарға ұсынамыз. 

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу