Павлодарға Ресей мен Беларусь елдерінен дәрігер мамандар келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарға Ресей мен Беларусь елдерінен дәрігер мамандар келді

04.06.2014
Павлодарға Ресей мен Беларусь елдерінен дәрігер мамандар келді
«Еуразиялық экономикалық одақ  халықтың игілігіне айналуы керек», деген болатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
 
Бұл ретте қазірдің өзінде қолға алынып жатқан нақты істер жетерлік. Мәселен, Павлодарға  Ресей және Беларусь Республикасынан дәрігер мамандар келді.
 
Олар кардиология және кардиохирургия мәселелері жөніндегі  аймақаралық конференцияға қатысумен қатар,  жүрек ауруларына күрделі операция жасап, шеберлік сабақтарын өткізді.
 
Бұдан былай үш елдің мамандары медицинаны ғылыми негізде дамытуға бірлесіп жұмыс істейтін болады.   
 
Жүректің, оның ішінде қан айналымы жүйесі ауруларының көбейіп бара жатқандығы әлемдік медицинаны тығырыққа тіреп отыр. Сондықтан, кардиологиялық және кардиохирургиялық саланың жұмысын жандандыра түсуді Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерінің мамандары бірігіп қолға алатын болды.
 
Шетелдік дәрігерлердің қатысуымен Павлодарда бірнеше күрделі ота жасалды. Тіпті, алғаш рет адамның жүрегі алмастырылды.
 
Сейітхан Жошыбаев, ҚР кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының директоры:
Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылуына байланысты, оған дейін  де Беларусь елінен келіп жүрген профессор Островский  жүректі алмастыру отасына қатысты. 
 
Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары тұрғындарына қызмет көрсететін аймақаралық кардиорталық заманауи құралдармен жабдықталған. Енді мұнда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше үш елдің дәрігерлері кәсіби біліктіліктерін көтеріп, емдеу әдістерін жетілдіретін болады.
 
Николай Щетинка, кардиохирург (Беларусь Республикасы):
Кардиохирургия-  өте күрделі сала. Біз бұрын осында келіп шеберлік сабақтарын өткізу немесе күрделі операция жасауға қатысумен шектелетінбіз. Енді жүрек ауруларының алдын алуға ғылыми негізде жұмыс жүргізуді бірлесіп атқаруға уағдаластық. Базалық орталығымыз Қазақстанда болады.
 
Бұл бастаманы Павлодарға келген Литва және Германияның кардиолог мамандары да қолдап отыр. Ғаламдық медицинадағы мәселені ғылыми тұрғыдан шешуге өз тараптарынан үлес қосуға дайын екендіктерін айтты. 
 
Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу