Тез арада 16 жастағы жасөспірімнің жүрегін ауыстыру қажет. Асхат Астанадағы балалар кардиохирургиялық ауруханасында жатыр. Оған «дилатациялық кардиомиопатия» диагнозы қойылған. Оның емі - тек жүрек ауыстыру ғана. Қан жылаған анасы «қайтсем баламның өмірін сақтап қаламын» деп жанын қоярға жер таппай отыр.
Елімізде Асхат секілді ағзаға мұқтаж 40 бала бар. Ересектері 2,5 мыңнан асады. Ең өкініштісі, сол транплантацияны қажет ететін науқастар кезегін күтіп жүріп, қайтыс болады. Яғни, донор тапшы.
«Дилатациялық кардиомиопатия». Бұл тек ересектерде кездесетін диагноз. Алайда соңғы кездері бұл жүрек дерті балалардың арасында да пайда болыпты. Оған бірінші болып Асхат шалдыққан.
Асхат Қалекешов, Орал қаласының тұрғыны:
Тұмаумен көп ауырдым. Содан асқынды. Бұл Алланың сынағы ғой. Енді шыдап, сол донор күтіп жатырмын.
Асхатқа қозғалуға да болмайды. Артық қимыл өміріне қауіпті. Сондықтан анасы оның жанынан бір елі алыстамайды. Ұлының өмір сүруге деген құштарлығы оған қуат береді. Дегенмен, ана көңілі үнемі алаңдаулы.
Бақтылы Баданова, Орал қаласының тұрғыны:
Қиын жағдайдамын. Балама жүрек керек. Сол донорлыққа көмектессе екен деп ойлаймын. Кез келген адамның басына түседі.
Дәрігерлер Асхатқа жеңіл операция жасапты. Денеге салынған мына кішкентай құрылғы жүректің қағысын реттеп тұрады.
Людмила Ильинична, балаларды оңалту бөлімінің меңгерушісі:
Өкінішке қарай, Асхатқа донор табылмай отыр. Тапқан жағдайдың өзінде олар үлкен кісілер болады. Ал олардың органдары бір-біріне сәйкес келмейді.
Елімізде Асхат секілді ағзаға мұқтаж 2,5 мыңнан астам адам бар. 1815 науқастың бүйрегін, 432 адамның бауырын ауыстыру қажет. 250 науқасқа сүйек майы керек болса, 34 адамның жүрегі жарамсыз. Ең өкініштісі, осы науқастардың 70 пайызы кезегін күтіп жүріп қайтыс болады.
Сол науқастардың өмірінің соңғы сәттері Жақсылық Досқалиевтың көз алдында өтеді. Сол себептен болар, дәрігер өмірден өткен соң ағзаларын өмір мен өлім арасында жүрген жандарға беруге дайын.
Жақсылық Досқалиев, трансплантация бойынша ұлттық үйлестіру орталығының директоры:
Ауру сұрап келмейді дейді. Бүгін сау адам ертең ауырып қалуы мүмкін. Соған байланысты мен де осындай болып қаламын-ау деп соны ойлау керек. Ия мен емес, балаларым осындайға душар болады-ау деп ойлау керек.
Трансплантация мәселесі шет мемлекеттерде жолға қойылған. Тіпті кейбір елдерде донорға бүкіл жеңілдіктер қарастырылады. Тек шетелдіктер оны мақсат тұтпайды.
Анне Ноель, Брюссель қаласының тұрғыны:
Алда-жалда бақилық болып жатсам, дене мүшелерімді алып, науқас адамға салуға рұқсат беретін куәлігім бар.
Филипп Рошен, Брюссель қаласының тұрғыны:
Донор болу - өте сауапты іс. Жалпы, кезекте тұрған қаншама адамға екінші өмір сыйлауға қоғам үн қосуы керек.
Жақында Мәжіліс трансплантация туралы заң жобасын мақұлдады. Жаңа құжат бойынша донор көзі тірі кезінде біреуге ағзасын беруге келісім береді.
Осылайша, кейін оның туыстарынан рұқсат сұрау міндеті алынып тасталды. Алайда трансплантация - қазақ санасына жат ұғым болып тұр.
Мақсатбек Қайырғалиев, «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы:
Бізге Алла тағаланың берген ағзаның бір бөлігін басқа біреудің өмірін құтқарып қалу үшін өз еркімізбен берсек, оған шариғат ешқандай тыйым салмайды.
Ал болашақта әскери қызметкер болғысы келетін Асхат осы кезге дейін бір үмітін үзген емес. Жақында сауығып кететініне сенімді.
Сәуле Алдамұратқызы, тілші:
Сюжет дайындау барысында Асхат секілді ағзасын ауыстыруды қажет ететін бірнеше адаммен жолықтық. Науқастардың көзіндегі үміт оты мен қан жылаған анасының мұңын естігенде, «неге елімізде трансплантация мәселесін мықтап жолға қоймасқа, неге ағзаны бермеске» деген сауал келеді. Алайда, нақты өзіңе келгенде, яғни маған біреу келіп, «Сәуле сен өзіңнің ата-анаң өмірден өткен соң олардың ағзасын біреуге берер ме едің немесе жолдасыңның, балаларыңның ағзасын берер ме едің десе»...шынымен де ойланып қалады екенсің. Сіз ше?
Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ