Ауруды асқындырған анықтама - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауруды асқындырған анықтама

18.03.2014
Ауруды асқындырған анықтама

Елімізде жалған медициналық анықтамаларды сататындар саны азаяр емес. Түрлі жұмыстар жүргізілгенімен, нәтиже шамалы әзірге. Бұл - кезек күттірмейтін өзекті мәселе.

 
Анықтама сатып алам деп ауру сатып алғандардың бірі - Айбол Жантаев. Ол жұмысқа орналасу үшін қажетті анықтама қағазын үнемі таныстарынан алып жүрген, арзанға, әрине.
 
Тіпті, ешқашан ауруханаға барып тексерілуге бел бумапты. Қазір туберкулезбен ауырады. Өкпе дертін қашан, қалай жұқтырғанын білмей дал.
 
Айбол, тұрғын:
2 рет жұмысқа тұрдым. Екеуінде де анықтаманы сатып алдым. Өйткені, ауруханада кезекке тұрғым келген жоқ.
 
Ал, мына азамат медицина саласында бірнеше жылдан бері істейді. Ол осындай анықтамаларды сатуды бизнеске айналдырғандардың бірі. Бір күнде 100, кей кездері одан да көп анықтама сататынын айтады.
 
Қазір ғаламторда медициналық анықтаманы бірнеше минуттың ішінде жасап береміз деушілердің жарнамасы толып тұр. Солардың біріне біз де қоңырау шалып көрдік. Сорақысы сол, сатушы қаладағы медициналық емханалардың бірінде жұмыс істейтін болып шықты.
 
Индира Бегайдар, тілші:
Басқа түссе баспақшыл. Өкінішке қарай адамдар осындай жалған медициналық анықтаманы сатып алуды жөн көріп отыр. Оның бағасы да 500 теңгеден 5000  теңгеге дейін барады. Бірақ, осылай денсаулыққа немқұрайлы қарағанның кесірінен қаншама өмірге қауіп төніп тұр.
 
Мақтанып емес, мазасызданып айтқанымыз. Жалпы, Астана қаласы бойынша жалған медициналық құжат жасауға қатысты 46 факті анықталған. Әлі тіркелмегені қаншама?
 
Данияр Ермеков, Астана қалалық прокуратурасының басқарма басшысы:
Жалған медициналық анықтаманың кез келген түрін кездестірдік. Оның ішінде денсаулығының еңбекке жарамсыздығы туралы, 086 анықтамасы, сондай-ақ психикалық ауытқушылығы жоқ екені туралы наркологиялық диспансердің анықтамалары және рентгендікі де бар. Заңның 325 бабы бойынша осы анықтамаларды сатқан да сатып алған да айыппұл төлеп, бас бостандығынан айырылады.
 
Жәнібек Тұрмұхамбетов, Астана қалалық Денсаулық сақтау басқармасының бөлім жетекшісі:
Денсаулық сақтау басқармасы медициналық анықтаманың бүтіндей қауіпсіздігін қорғайтын және жалған анықтама жасауға жол бермейтін формасын әзірледі. Барлық медициналық мекемелерде 086.kz ресми сайты ашылды. Онда барлық заңды қолданыстағы анықтамалар туралы ақпараттар орналастырылған. Бірақ, бұл жұмыстар да жалған анықтаманы жасауға бөгет бола алмай отыр.
 
Медицина саласының мамандары көш жүре түзелетінің айтып ақталады. Орны толмас олқылықтардың алдын алу үшін енді жұмыстар күшейе түспек. Нәтижесінде Айбол Жантаев сынды анықтамамен қоса жазылмас ауру сатып алғандар саны азаяр деп үміттенейік.
 
 
Индира БЕГАЙДАР

Хабарламаларға жазылу