Ақтөбеде бір мезгілде 500 адамды қабылдайтын жаңа емхана іске қосылды. Соңғы үлгідегі медициналық қондырғылармен жабдықталған. Онымен жұмыс істейтін дәрігерлер де біліктіліктерін арттырып, арнайы курстан өткен. Маман жеткілікті. Ендігі міндет, маңайдағы 4 мөлтек аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсету.
Мынау «Опполло» деп аталатын аппарат. Бөлшектері Канада мен Италиядан әкелінген. Ақтөбелік мамандар құрастырып, іске қосты. Автоматпен басқарылатын сәулелі рентген аппараты кез келген сырқатты анықтауға мүмкіндік береді.
Қайрат Ахметов, дәрігер-рентгенолог:
Бұрынғы техника болғанда ауырған адам әр емханаға қаралды. Қазіргі заманда бір аппаратқа функциялар қосылып, бір аппарат арқылы-ақ диагонстика жасауға болады. Бәрін анықтауға ыңғайлы.
Жаңа емханада эндоскопиялық қондырғы, ультрадыбыстық зерттеу кабинеті жұмыс істейді. Оңтүстік Кореядан алынған маммограф қондырғысы сүт безі қатерлі ісігінің алдын-алу үшін қажет. Озық құрылғылар дәрігер жұмысын жеңілдетіп, науқастың уақытын үнемдейді.
Елена Ким, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
Мына жерде бәрі ыңғайлы. Мен 11-ші мөлтек ауданда тұрамын бұрын емхана алыста болатын. Жаңасы бірнеше ауданға жақын салынған. Кезек күтіп, ұзақ тұрмаймыз. Аппараттармен жылдам қарап, ем-домды анықтап беріп жатыр.
Заманауи емхана жаңа бой көтерген 4 аудан тұрғындарына қызмет көрсетеді. 2 филиал жұмыс істейді. 3-ші қалалық емхана дәрігерлері 68 мың адамның денсаулығына жауапты. Мамандар «Саламатты Қазақстан» бағдармаласы бойынша аурудың алдын алуға ден қойып отыр.
Жәнібек Нұрмұхамбетов, №3 емхананың бас дәрігері:
Қазақстанда бірінші орында жүрек-қан тамырлары аурулары. Кардиохирургия қолға алынуда. Ақтөбеде бұрын болмаған. Енді өзіміз де осы жерге жақсы құрал жабдықтар алып жатырмыз, осы жерде де жақсы скрининг жүргіземіз.
Медициналық нысанды тұрғызуға жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге қаржы бөлінді. Озық технологиямен жабдықталып, мамандармен қамтылған емхана ел игілігі үшін жұмыс істейді.
Әлия ТАЛАСОВА