Үш ауысымды мектептер саны көбейіп келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үш ауысымды мектептер саны көбейіп келеді

21.08.2019

Үш ауысымды мектептерді азайту үшін биыл бюджет қаржысына 35 білім ошағы салынады. Осыған қарамастан мұндай мектептердің саны азаймай тұр. Әсіресе, елорда мен Алматы секілді ірі қалаларда үш ауысымды мектептер саны өскен. Себебі қалаларға көшетін халық саны артқан. Президент ұстаздардың Тамыз кеңесінде бұл мәселені шешуді тапсырды.

Талғар ауданының Қызыл ту ауылындағы 788 оқушыға арналған мектепке биыл шамамен 1700 оқушы келеді. Ондай орынға арналмаған білім ордасы биыл үш ауысымға көшуге мәжбүр.

Зухра Марипжановна, оқу ісінің меңгерушісі:

Бірінші кезеңіміз 08:00-де, екінші кезең 11:05-те, үшінші кезеңіміз 14:15-те басталады. Үш кезеңде бізде тек бастауыш сыныптары оқиды. Өйткені жылдан-жылға сыныптар саны артып отыр. 1-сыныпқа 162 бала қазіргі кезде тіркелді. Жалпы, 200-ден асады 1-сыныптың оқушылары.

Баланың көптігі білім сапасына әсер етері айтпаса да түсінікті. Былтыр Алматы облысында үш ауысымды 30 мектеп болса, биыл олардың саны елуге жеткен. Астанамызда да осындай үрдіс. Елорда әкімдігі бұл жұмысқа бизнесті тартпақ.

Әнуар Жанғозин, Нұр-Сұлтан қалалық Білім басқармасының басшысы:

Былтырғы оқу жылында 5 мектеп болса, биыл 7-еу болады деп жоспарлауда. Қазіргі уақытта бізде 11 инвестор бар. Оларға 3-4 жыл ішінде мектептер салынып, 10 мың оқушыға жекеменшік мектептер ашылатын болады.

Президент Тамыз кеңесінде мәселені шешу үшін министрлікке ішкі көші-қон процесін жіті бақылауды қатаң жүктеді.

Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу